КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТІНДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ МҮМКІНДІКТЕРІ КӨРСЕТІЛДІ
Ақтөбеде Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының бастамасымен «Жасанды интеллект – кәсіподақ жұмысын дамытудың жаңа мүмкіндігі» тақырыбында аудандық семинар-кеңес ұйымдастырылды. Тағылымды шараға аудан мектептерінің ұстаздары, кәсіподақ белсенділері мен білім саласының мамандары қатысты.
Семинардың мақсаты – жасанды интеллект мүмкіндіктерін кәсіподақ қызметіне енгізу, цифрландыру арқылы ұйым жұмысын жетілдіру және тәжірибе алмасу болды.
Іс-шараны Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлмира Ізбағамбетова ашып, семинардың маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде бүгінгі цифрлық дәуірде жасанды интеллекттің қоғам өмірінің барлық саласына еніп келе жатқанын, соның ішінде кәсіподақ қызметінде де тың мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар жасанды интеллект пен цифрлық платформалардың кәсіподақ қызметіндегі тиімділігі жөнінде пікір алмасып, заманауи технологиялардың жұмыс сапасын арттырудағы мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар ақпарат алмасуды жеделдету, құжат жұмыстарын жеңілдету және ұйымдастырушылық қызметті тиімді жүргізу жолдары талқыланды.
Теориялық бөлім тәжірибелік жұмыстармен жалғасып, қатысушылар AI құралдарын смартфон арқылы қолдану тәсілдерін меңгерді. Практикалық алаңда заманауи цифрлық платформаларды күнделікті кәсіподақ жұмысында пайдалану бағыттары көрсетілді.
Семинардың екінші бөлімі табиғат аясында өтіп, еркін форматтағы нетворкинг алаңына ұласты. Қатысушылар топтық талқылаулар ұйымдастырып, жасанды интеллектті кәсіподақ қызметіне енгізу бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
Шара соңында қатысушылар семинардан алған әсерлерімен бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
-
Фотографии
-