ҰСТАЗДЫҚ ҒҰМЫР - ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
Ұстаз - ұлттың болашағын тәрбиелейтін, саналы ғұмырын шәкіртке арнайтын қастерлі мамандық иесі. Осындай абыройлы жолды өмірлік мұрат еткен жандардың бірі - ардагер ұстаз Мейрамкүл Ұлықпанова.
Мейрамкүл апай 1946 жылдың 1 мамырында дүниеге келген. Бала кезінен алғыр, есепке жүйрік, пысық болып өскен ол қарапайым шаруа отбасында тәрбиеленді. 1950 жылы Коммунизм ауылындағы №34 Иіркөл мектебінің табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа қабылданады. Мектеп қабырғасында өзінің білімге құштарлығымен, жауапкершілігімен ерекшеленген Мейрамкүл Ұлықпанова 1964 жылы 11 сыныпты тәмамдайды.
Сол жылы болашақ ұстаз Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Физика-математика» факультетінің «Физика» бөліміне оқуға түседі. Институт қабырғасында да үздік білім алып, 1968 жылы жоғары оқу орнын сәтті аяқтайды. Жас маман ретінде 1968 жылдың 1 қыркүйегінде №33 орта мектепке физика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданады. Осы білім ордасында табан аудармастан 33 жыл еңбек етіп, мыңдаған шәкіртке сапалы білім мен саналы тәрбие береді. 2001 жылы абыройлы еңбек жолын аяқтап, зейнеткерлікке шығады.
Мейрамкүл апай — өз ісінің шебері, шәкірт жүрегінен орын алған білікті ұстаздардың бірі. Физика секілді күрделі пәнді оқушыларға түсінікті етіп жеткізу үшін тынымсыз ізденіп, сабаққа үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Сабақ үстінде тақта алдында есеп шығарып, физикалық заңдылықтарды түсіндіріп жүргенде үсті-басы ақ борға боялып шығатын сәттері шәкірттерінің жадында ерекше сақталған.
Ұстаздық қызметпен қатар ол өнегелі әулеттің келіні болып, көпбалалы отбасының ұйытқысына айналды. Алты баланың тәрбиесі, үйдің шаруасы мен мектептегі жауапкершілікті қатар алып жүру оңай болмаса да, Мейрамкүл апай ешқашан мойыған емес. Қай кезде де қызметінің абыройын жоғары қойып, ізденуден, еңбектен жалыққан жоқ.
Ұзақ жылғы адал еңбегі мен білім саласына қосқан үлесі елеусіз қалған жоқ. Ол аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі көптеген марапаттарға ие болды.
Алайда Мейрамкүл апай үшін ең үлкен марапат - шәкірттерінің өмірден өз орнын табуы. Ол тәрбиелеген талай жас бүгінде елге қызмет етіп жүрген абыройлы азаматтарға айналды. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт жоқ.
Саналы ғұмырын ағартушылыққа арнаған ардақты ұстаз мектептің дамуына, оқу-тәрбие жұмысының сапасын арттыруға да зор үлес қосты. Әріптестеріне ақыл-кеңесін айтып, жас мұғалімдерге бағыт-бағдар беруден ешқашан жалыққан емес. Ұстаздық жолдағы бай тәжірибесі мен терең білімі бүгінгі буын үшін үлкен өнеге.
Қазіргі таңда Мейрамкүл апай 3 ұл, 3 қыздан тараған ұрпағының ардақты анасы, немерелерінің сүйікті әжесі. Зейнет демалысында болса да, немерелерінің сабағына көңіл бөліп, мектепке барып үлгерімін бақылап тұрады. Оның бойындағы ұстаздыққа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік әлі де сөнген жоқ.
Самайын ақ қырау шалып, жанары кіреукеленсе де, жүрегіндегі мейірім мен ұрпаққа деген жанашырлық сол қалпы. Өйткені ол - шәкірт тәрбиесін өмірінің мәніне айналдырған нағыз ұстаз жүрегі.