ҚАДІРЛІ ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ
21 мамыр күні Маңғыстау облыстық санаторлық мектеп-интернатында 12 жыл бойы мектеп-интернатты абыроймен басқарып, ұжымның бірлігіне ұйытқы болып, шәкірт тәрбиесі мен білім сапасының артуына өлшеусіз үлес қосқан – Шәріпова Майя Маратқызын құрметті зейнет демалысына шығарып салуға арналған «Сіз салған жол-бізге аманат» атты салтанатты кеш өтті.
Шараға ауданның құрметті ардагері Т.Көшенұлы, Маңғыстау облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Қ.Ғазимова, Салалық кәсіподақтың Маңғыстау облыстық ұйымы төрағасы Т.Баймбетова және құқықтық қызметтер жөніндегі бас маманы Н.Храмова қатысып, жылы лебіздері мен ақжарма тілектерін арнады. Сонымен қатар Майя Маратқызы тәлімгерлік еткен әріптестері мектеп директорлары, замандастары келіп қуанышына ортақтасты.
Қадірлі директорға деген шынайы құрмет пен ыстық ықыластың белгісі ретінде ұжым атынан жүрекжарды әндер шырқалып, тағылымды өлеңдер оқылып, әсем билер ұсынылды. Әрбір өнер нөмірінен ұжымның алғысы мен ізгі тілегі, сыйластығы мен қадір-құрметі көрініс тапты. Бұл кеш – естеліктер мен ризашылыққа толы, жүректерді жақындастырған ерекше сәттерге айналды. Майя Маратқызының еселі еңбегі мен ұжымға сіңірген өлшеусіз үлесіне деген шынайы құрмет осылайша әсерлі шара арқылы көрініс тапты.
Шәріпова Майя Маратқызы басқарған жылдары мектеп-интернат талай белестерді бағындырды. Республикалық деңгейдегі тексерістерден жоғары нәтижемен өтіп, білім ордасының беделін биіктете білді.
Мектептің 5 жылдық, 10 жылдық мерейтойлары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тағылымы мол, мәні терең іс-шаралар арқылы мектеп тарихының жарқын беттері айшықталды. Түрлі семинарлар, кәсіби алаңдар ұйымдастырылып, ұстаздардың шығармашылық әлеуетін арттыруға, тәжірибе алмасуына кең мүмкіндік жасалды.
Мектептің іргесі қаланған күннен бастап осы шаңырақты биік белестерге жетелеп, әрбір әріптестің жанын түсініп, қуанышына ортақтасып, қиын сәттерде тірек бола білген басшымыздың еңбегі ұжым жүрегінде мәңгі сақталады.
А.Жетіс,
Маңғыстау облыстық санаторлық мектеп-интернаттың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.
-
Фотографии
-