ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз — шәкірт жүрегіне біліммен қатар мейірім мен жылу сыйлайтын ұлы мамандық иесі. Осындай өз ісіне адал, білім мен тәрбиені қатар ұштастырып жүрген ойылдық білікті ұстаздардың бірі — Майланова Тойдушат Елемесқызы. Балаларға деген шынайы қамқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында әріптестері арасында сыйлы, шәкірттері үшін қадірлі ұстазға айналған.
Майланова Тойдушат Елемесқызы 1988 жылдың 24 қыркүйегінде Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаракемер ауылында дүниеге келген. 2017 жылы Ақтөбе Жоғары гуманитарлық колледжін, ал 2020 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін «Бастауыш сыныптарды оқытудың әдістемесі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Педагогика ғылымдарының магистрі.
Еңбек жолын өзі білім алған Қаракемер негізгі мектебінен бастап, кейін Ойыл қазақ орта мектебінде қызметін жалғастырды. 2015 жылдан бері Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясында еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда педагог-зерттеуші санатындағы тәжірибелі ұстаз ретінде жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде.
Ұстаз еңбегінің басты жемісі — шәкірт жетістігі. Тойдушат Майланованың оқушылары облыстық және республикалық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. «Ұлттық құндылықтар керуені» республикалық байқауында оқушысы Аяулым Жалғас «Шығармашылық және қабілет» номинациясы бойынша Бас жүлдені иеленсе, «Сөз маржан» Collaboration Fest республикалық кезеңінде II орынға қол жеткізді.
Ұстаздың тынымсыз еңбегі мен кәсіби ізденісі түрлі байқауларда жоғары бағаланып келеді. Атап айтқанда, облыстық «Үздік бастауыш сынып мұғалімі – 2023» байқауынан І орын, «Үздік сабақ жоспары», «Үздік авторлық бағдарлама», «Үздік бастауыш сынып кабинеті» байқауларынан жүлделі І орындарды иеленді. Сонымен қатар облыстық, республикалық және халықаралық семинарларда тәжірибесімен бөлісіп, әріптестеріне кәсіби бағыт-бағдар көрсетіп келеді.
Өз ісінің шебері болу тек мамандықты меңгеру емес, ол жүрекпен қызмет ету. Тойдушат Майланова — ел болашағын тәрбиелеп, жас ұрпаққа білімнің жарық жолын көрсетіп жүрген ұлағатты ұстаз.
-
Фотографии
-