ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ
Атаулиева Раушан Бекназарқызы 1992 жылдың 15 қазанында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. 2009 жылы №201 орта мектепті тәмамдап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Жоғары оқу орнын сәтті аяқтағаннан кейін еңбек жолын өзі білім алған мектептен бастап, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметіне орналасады. Еңбек жолында өзінің жауапкершілігімен, ізденімпаздығымен және кәсіби шеберлігімен ерекшеленіп келеді. Білім беру саласындағы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі кәсіби байқауларда жүлделі орындарға ие болды.
Сонымен қатар мектепішілік жас мамандар ұйымы мен қыздар ұйымының жұмысын белсенді әрі нәтижелі ұйымдастырып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Қазіргі таңда сынып жетекшісі ретінде шәкірт тәрбиелеу ісінде жемісті еңбек етіп келеді.
Раушан Бекназарқызының жетістіктері де аз емес. Ол Салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасымен марапатталған. 2022 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институты ұйымдастырған облыстық педагогикалық байқауда «Мастерская педагога – 2022. Проектная деятельность – средство формирования профессиональных компетенций учителя» тақырыбындағы үздік жұмысы үшін ІІ дәрежелі диплом иеленді.
2018 жылы «Орта Азия мемлекеттерінің ғылыми-педагогикалық қауымдастығы» ұйымдастырған республикалық «OZYQ» педагогикалық озат тәжірибелер конкурсында «Үздік сабақ авторы» номинациясымен марапатталды. Сонымен қатар Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы, Қызылорда облысының азаматтық альянсы қауымдастығы және «Ару-Ана» қоғамдық бірлестігі тарапынан облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқаны үшін арнайы Құрмет грамотасына ие болды.
2024 жылы өткен «Үздік сынып жетекші» байқауында аудандық кезеңнен І орын, облыстық кезеңде Бас жүлдені жеңіп алды. Ал республикалық кезеңде ІІ орын иеленіп, өзінің кәсіби біліктілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ұстаздың шәкірттері де түрлі пәндік және лингвистикалық олимпиадаларда, өнер және ғылыми жоба байқауларында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Сонымен бірге аудандық және облыстық семинарларда өз тәжірибесімен бөлісіп, бірнеше әдістемелік құралдардың авторы атанған.
Раушан Бекназарқызы – білім беру саласында аянбай еңбек етіп жүрген, кәсіби шеберлігі мен адамгершілік қасиеттері ұштасқан білікті педагог.