ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
«Жас келсе – іске» деген нақыл сөз жас мамандардың бойындағы жігер мен мүмкіндіктің шексіз екенін білдіреді. Бұл ұғым әсіресе тәрбиеші мамандығында айқын көрініс табады. Себебі, балабақшадағы тәрбиеші – баланың алғашқы ұстазы, бағыт-бағдар берушісі, тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды жан. Осындай талаптарға сай еңбек етіп, жас болса да бас болып жүрген мамандардың бірі – Мерей Елмұратқызы.
Мерей Елмұратқызы 1993 жылы 16 шілдеде Қызылорда облысы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде дүниеге келген. Бала кезінен жауапкершілігі жоғары, білімге құштар болып өсті. Алғашқы білімін өзі туып-өскен өлкедегі Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназиясындағы дарынды балаларға арналған интернатта алды. Кейін №249 лицейде білімін жалғастырып, 2011 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне оқуға түсті.
Еңбек жолын 2015 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Көптоғай ауылындағы «Айгөлек» бөбекжай-бақшасында әдіскер-психолог мамандығы бойынша бастады. Кейін өндірістік қажеттілікке сәйкес тәрбиеші қызметін атқарды. Қазіргі таңда осы балабақшада меңгерушінің міндетін атқарушы әрі әдіскер қызметін абыроймен атқарып келеді.
Мерейдің кәсіби жетістіктері де айтарлықтай. Ол «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Ақтөбе облысы бойынша Кәсіби даму институты ұйымдастырған PedOlimp пәндік педагогика олимпиадасында I дәрежелі диплом иеленді. Сонымен қатар PedOlimp пәндік психология олимпиадасында II дәрежелі дипломмен марапатталды.
Жоғары біліктілігі мен кәсіби шеберлігін өскелең ұрпақтың кемел келешегіне арнап, білім беру саласының дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ Ойыл аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Жыл үздігі – 2025» байқауында «Сапа мен талапты үйлестірген басшы» номинациясы бойынша диплом иегері атанды.
Мерей Елмұратқызының еңбек жолы – жас мамандарға үлгі. Өз ісіне деген жауапкершілігі, ізденімпаздығы мен балаларға деген ыстық ықыласы оның кәсіби биіктерден көрінуіне жол ашуда. Осындай жалынды жастар – еліміздің болашағының жарқын кепілі.
Ақтөбе облыстық ұйымы