ӨҢІРАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ
Салалық кәсіподақтың Абай және Жетісу облыстық ұйымдары бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Семей қаласы маңызды оқиғаға куә болды. Білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің екі ірі өңірлік кәсіподақ ұйымы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Бұл мыңдаған мұғалімдер мен ғылым қызметкерлерінің мүддесін қорғауға бағытталған нақты қадам болды.
Абай облыстық ұйымының төрағасы Сәбит Ибраев қонақтарды жылы қарсы алып, кәсіподақ жұмысымен таныстырды. Жетісу облыстық ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов делегацияны таныстырып, Кербұлақ, Қаратал, Панфилов, Сарқан аудандары мен Текелі қаласынан және Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің өкілдері тәжірибе алмасты.
Кездесу барысында Абай облысы кәсіподақ ұйымының төрағасы Сәбит Ибраев пен Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мэлс Төлепбергенов өз өңірлерінде еңбек дауларын шешудің, жұмыс берушілермен диалог жүргізудің жолдарын ортаға салды.
Кездесу аясында қос тарап кәсіподақ жұмысын ілгерлету мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Маңызды құжатта екі өңір кәсіподақтары еңбек заңнамасының сақталуын бірлесіп бақылауды, сала қызметкерлерінің оқыту, жас мамандарды кәсіподақ қозғалысына тарту, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, тағы да басқа маңызды мәселелерді талқылап, бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.
Тараптар қол жеткізілген келісімдердің одан әрі серіктестік қатынастарды дамытудың, бірлескен жобаларды іске асырудың және кәсіподақ қозғалысының бірлігін нығайтудың берік негізіне айналатынына сенімдерін білдірді.
Меморандум қол қойылған күннен бастап күшіне енді және тараптардың өзара келісімі бойынша ұзарту мүмкіндігімен 2029 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданыста болады.
Сонымен қатар, Жетісулықтар Абай өңірінің рухани байлығымен жақыннан танысты. Қоңыр Әулие үңгірі, Абайдың «Жидебай» музей-қорығы, Ақшоқы ауылындағы Құнанбай Өскенбайұлы мұражайы, Бөрілі ауылындағы Мұхтар Әуезовтың үй-мұражайы, Семейдегі Абай мемлекеттік тарихи-мәдени мұражайына барды. Тарихи орындар делегация мүшелерін ерекше әсерге бөледі.
Жетісу облыстық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-