ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Жас ұстаз – жаңа ойдың, тың бастаманың және шығармашылық ізденістің бастауы. Бүгінгі білім беру саласында осындай ізденімпаз, өз ісіне берілген ақтөбелік жас мамандардың бірі – Гүлдана Серікқызы.
Гүлдана Серікқызы 1994 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Бұлақтыкөл ауылында дүниеге келген. Бала кезінен сурет өнеріне қызығушылық танытқан ол Бұлақтыкөл орта мектебін үздік аяқтап, кейін Ақтөбе гуманитарлық-техникалық әмбебап мультипрофильдік колледжінде «Дизайн» мамандығын игерді. Одан әрі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Бейнелеу өнері және сызу» бағыты бойынша жоғары білім алды.
Еңбек жолын ерте бастап, ол 2014 жылдан бері білім беру саласында үздіксіз қызмет етіп келеді. Алдымен ауыл мектебінде мұғалім болса, кейін «Темірқазық» мектептен тыс аула клубында үйірме жетекшісі қызметін атқарды. Қазіргі таңда Байғанин аудандық шығармашылық орталығында «Дизайн» үйірмесінің жетекшісі ретінде жас өнерпаздарды тәрбиелеуде.
Гүлдана Серікқызы ұлттық өнер мен заманауи дизайнды ұштастыра білген білікті педагог ретінде танылып келеді. Оның жетекшілігімен көптеген шәкірттер республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Ол облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі көрмелер мен байқаулардың белсенді қатысушысы әрі жеңімпазы. Шығармашылық еңбектері түрлі жинақтарға енген, жеке көрмесі ұйымдастырылған және бірқатар халықаралық жобаларда жоғары бағаланған. Сонымен қатар ол бірнеше халықаралық симпозиумдар мен семинарларда шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибесімен бөлісіп келеді. Этнодизайн саласындағы еңбегі үшін Қазақстан және Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі атанған. Сондай-ақ халықаралық педагогикалық олимпиадаларда және шығармашылық байқауларда жүлделі орындарды иеленді.
Гүлдана Серікқызы – шығармашылық пен еңбекті ұштастыра білген, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген жас буынның жарқын өкілі. Оның өмір жолы – табандылық пен ізденістің нақты үлгісі.