ЕҢБЕК АДАМЫ
Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты «Болашақ» Бестамақ балалар бақшасының әдіскері Оразалина Гүлнар Басарқызы – мектепке дейінгі білім беру саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, шығармашылық ізденісі мен кәсіби шеберлігінің арқасында жас ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып келеді.
Гүлнар Оразалинаның педагогикалық қызметіндегі басты ұстанымы – заман талабына сай білім беру үдерісін жетілдіру, тәрбие мен оқытуда жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану. Ол әріптестері арасында білікті ұйымдастырушы, жаңашыл педагог ретінде танылып, кәсіби тәжірибесімен бөлісіп келеді.
2022 жылы Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған «Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері» атты республикалық байқаудың облыстық кезеңінде І орын иеленіп, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл оның білім беру саласындағы қажырлы еңбегі мен кәсіби біліктілігінің айқын дәлелі. Сонымен қатар, педагогикалық инновацияларды оқу-тәрбие жүйесінде тиімді қолданып, оны бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттағаны үшін Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы тарапынан Алғыс хатпен марапатталды.
2023 жылы Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы тарапынан Құрмет грамотасына ие болуы – оның білім саласындағы абыройлы еңбегіне берілген жоғары баға. Ал, 2024 жылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтары арасында өткен облыстық олимпиадада ІІІ орын иеленіп, дипломмен марапатталды. Бұл жетістік оның кәсіби ізденісінің, үздіксіз даму жолындағы талпынысының нәтижесі екені сөзсіз.
Оразалина Гүлнар Басарқызы – өз ісіне адал, ұрпақ тәрбиесіне жанашыр, шығармашыл ұстаз. Осындай еңбек адамдарының арқасында білім саласының беделі артып, болашақ ұрпақтың сапалы тәрбие мен білім алуына жол ашылуда.