БІЛІМ МЕН ЖЫЛДАМДЫҚ БӘСЕКЕСІ
Ақтөбенің Хромтау ауданында білім саласы қызметкерлері арасында ерекше форматтағы зияткерлік сайыс өтті. Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен математика пәні мұғалімдері арасында “Математикалық quiz” сайысы өткізілді.
Бұл сайыс тек білім бәсекесі ғана емес, қатысушылардың ой ұшқырлығы мен кәсіби шеберлігін шыңдайтын алаңға айналды. Мұғалімдер түрлі деңгейдегі тапсырмаларды жылдам әрі нақты орындап, өздерінің логикалық ойлау қабілеттерін жан-жақты көрсете білді.
Сайысқа барлығы 16 мұғалім қатысып, білім мен біліктілікті талап ететін кезеңдерде бақ сынады. Қатысушылар әр тапсырманы зеректікпен, тапқырлықпен орындауға тырысып, жоғары нәтижелерге ұмтылды.
Қорытындысында І орынды №5 Хромтау гимназиясының мұғалімдері Асылбек Қаналиев пен Айнұр Шахабаева, ІІ орынды №1 Хромтау орта мектебінің мұғалімі Ақгүл Таңатар мен Нұрлыкөш орта мектебінің мұғалімі Асылайжан Наушарбанова, ал ІІІ орынды №3 Хромтау орта мектебінің мұғалімдері Анар Сағымбаева мен Фариза Өтетілеу иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталды.

Аталған іс-шара педагогтардың кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, әріптестер арасындағы тәжірибе алмасуға, білім сапасын арттыруға зор үлес қосты.