ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Ұстаздық – ұлы әрі жауапты мамандық. Осы жолды жүрек қалауымен таңдаған Жұмашева Динара Аманқосқызы білімділігі мен жаңашылдығы арқылы ерекшеленіп жүрген жас маман. Ол 2001 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Шеңгелші ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебінде білім алып жүріп, ұстаздарына еліктеп, болашақта мұғалім болуды армандап өсті.
2018 жылы Кенқияқ жалпы білім беретін орта мектебін үздік тәмамдаған ол Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне оқуға түсіп, “Тарих және дінтану” мамандығы бойынша білім алды. 2022 жылы оқу орнын үздік дипломмен аяқтап, еңбек жолын Әйтеке би ауданының Талдысай ауылында бастады. Кейін 2023 жылдан бастап Қандыағаш қаласындағы №5 жалпы білім беретін орта мектебінде қызметін жалғастырып келеді.
Еңбек жолының алғашқы күндерінен-ақ Динара Жұмашева кәсіби шеберлігімен, белсенділігімен көзге түсті. Ол түрлі деңгейдегі байқауларға, олимпиадалар мен жобаларға қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды. Аудандық білім бөлімінің Алғыс хаты мен кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасы — оның еңбегінің айқын дәлелі. Сонымен қатар, “Үздік жас маман” байқауында І орын иеленіп, “Дарынды балаға талантты ұстаз” жобасында марапатталды. Дебат саласында “Үздік төреші” атанып, облыстық және республикалық турнирлерде де жоғары нәтижелер көрсетті.
Театр бағытында атқарған еңбегі үшін бірнеше рет Алғыс хаттармен марапатталған. Оның шәкірттері де түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындар алып, ұстаз еңбегінің жемісін дәлелдеуде. Сонымен қатар, ғылыми жобалар мен байқауларда оқушыларының жетістіктері – оның педагогикалық шеберлігінің көрсеткіші.
Динара Жұмашева өз тәжірибесін әріптестерімен бөлісуді де назардан тыс қалдырмайды. Аудандық семинарлар мен облыстық іс-шараларда “Тарих сабағында жаңа технологияларды тиімді пайдалану” тақырыбында тәжірибе алмасып, кәсіби ортада өз орнын қалыптастырып келеді.
Қазіргі таңда Динара Жұмашева білім беру саласын дамытуға өз үлесін қосып, жас ұрпақты жан-жақты, білімді, шығармашыл әрі жаңашыл тұлға ретінде қалыптастыру жолында аянбай еңбек етуде. Оның еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы – болашақта биік белестерді бағындыратынына сенім ұялатады.