ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаз – ұлт болашағын қалыптастыратын, білім мен тәрбиені қатар ұсынатын ұлы тұлға. Қалиева Әлия Ботабайқызы – саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған, шәкірт жүрегіне жол таба білген білікті ұстаздардың бірі. Ол 1965 жылы 3 наурызда Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Жарлы елді мекенінде дүниеге келген. 1972–1982 жылдары Байғанин орта мектебінде білім алып, болашақ мамандығына алғашқы қадамдарын сол жерде бастады.
1983 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, 1987 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты.
Еңбек жолын 1987 жылы Мұғалжар ауданы Победа совхозындағы орыс-қазақ аралас мектебінде бастаған жас маман өз ісіне жауапкершілікпен қарап, алғашқы күннен-ақ шәкірттерінің құрметіне бөлене білді. 1988 жылдың қыркүйек айында Байғанин ауданы Оймауыт совхозындағы Жаңажол орта мектебіне ауысып, педагогикалық қызметін жалғастырды.
1989 жылдан бастап Байғанин орта мектебінде өз мамандығы бойынша еңбек етіп келе жатқан Әлия Қалиева – көпжылдық тәжірибесі бар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің үздік мұғалімі, зерттеуші-педагог ретінде танылды.
Ұстаздың ел болашағына сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі еңбегі жоғары бағаланып, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі марапаттарға ие болды.
Сонымен қатар, Әлия Қалиева – білім саласының ардагері, абыройлы ұстаз ретінде Байғанин орта мектебінің директоры болған, елге еңбегі сіңген тұлға Омар Ықыласов атындағы сыйлықтың иегері атанды. Бұл марапат оның ұстаздық жолындағы табысты еңбегінің айқын дәлелі.
Ол Ақтөбе облысының білім беру саласындағы шығармашылық жетістіктері мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі үлесі үшін Құрмет грамоталарымен де марапатталған. Бұл жетістіктер ұстаздың кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.
Бүгінде Әлия Қалиева бәсекеге қабілетті, білімді, парасатты ұрпақ тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі педагог.
Ақтөбе облыстық ұйымы