КӘСІПОДАҚ ЖАСТАРЫ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ РЕСУРС
Ардақ Бахдаулетқызы Бахдаулетова – Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасындағы ең жас төрайым. Ол университетті бітіргеннен кейін №74 мектепте ағылшын тілі мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Жұмысының алғашқы күндерінен-ақ кәсіподақ қызметіне белсене араласып, Алматы қалалық жергілікті «Ұстаз» кәсіподағы жастар кеңесінің мүшесі атанды.
Жастар кеңесіндегі қызметі аясында ол кәсіподақ тақырыбындағы түрлі іс-шараларды, байқаулар мен фестивальдерді ұйымдастыруға атсалысып келеді. Жастар арасында кәсіподақтың рөлі мен мақсаттары, мүшелердің құқықтары мен міндеттері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізеді.
Сонымен қатар, ол жас мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасуы мен көшбасшылық дағдыларын дамытуына арналған арнайы платформа құру бастамаларын қолға алды. Ардақ 25-26 наурыз аралығында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Фридрих Эберт қоры бірлесіп ұйымдастырған оқыту семинарына қатысты. Семинарда кәсіподақ қозғалысын дамыту, жас мамандарды қолдау және жұмысқа жаңа идеялар енгізу секілді өзекті мәселелер талқыланды.
Бұған қоса, ол Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы ұйымдастырған «Инновациялық жастар – кәсіподақтардың болашағы» атты жас мұғалімдердің V республикалық жазғы лагеріне қатысты. Алынған білім мен практикалық тәжірибе оны жаңа белестерге шабыттандырып, өзге де жас көшбасшылармен пікір алмасуға мүмкіндік берді. Кәсіподақ үшін жастар – жаңа энергия, тың идеялар, IT-дағдылар мен зор әлеуеттің қайнар көзі.
Қабылдин Нұрлан Қосманұлы – Алматы қаласы №74 мектеп мұғалімі.
-
Фотографии
-