ҮЛГІ ТҰТАР ТҰЛҒА
Өз ісіне адал, еңбексүйгіш, білімді және айналасына мейірімін төге білетін жанның бірі – Сейтказиев Жанат Тұрарұлы. Ол кісі Сарысу ауданы, Саудакент ауылы, Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі, 36 жыл бойы шәкірт тәрбиелеуде үлкен еңбек етіп жүрген тәжірибелі педагог.
Жанат Тұрарұлы білімділігімен, сабырлылығымен және өз ісіне деген адалдығымен ерекшеленетін жан. Ол тек өз пәнін жетік меңгерген маман ғана емес, сонымен қатар шәкірттеріне дұрыс жол көрсететін нағыз ұстаз. Әрбір сабағын қызықты әрі түсінікті өткізетін педагог. Ұстаздың өмірлік ұстанымы: «Ұрпаққа сапалы білім беру – менің басты мақсатым».
Жанат Тұрарұлы еңбек жолын 1991 жылы Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2013 жылдан бастап директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары. 2021 жылы «Педагогикадағы инновациялар – Инновации в педагогике» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының №3 санында «Теңдеулерді шешу» тақырыбындағы авторлық бағдарламасы үйлестірілді, арнайы сертификатпен және І дәрежелі Дипломмен марапатталды.
2021 жылы аудандық «Үздік директордың орынбасары – 2021» байқауында мазмұнды жұмыс ұсынғаны үшін ІІІ орынды иеленген. 2022 жылы Сарысу ауданы мәслихатының Алғыс хатымен, 2023 жылы аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2024 жылы Жамбыл облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жанат Тұрарұлы өз мамандығына деген сүйіспеншілігімен, еңбекқорлығымен және жоғары жауапкершілігімен әріптестері мен оқушыларының құрметіне бөленіп келеді. Сабақ барысында оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, олардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға, математика пәніне деген қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Осындай өз ісіне адал, білімді де білікті ұстаздар бүгінгі қоғамның дамуына үлес қосып жүрген нағыз үлгі тұтар тұлғалар.
Жамбыл облыстық ұйымы