ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ПЕДАГОГТАРЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕКЦИЯСЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Педагогтардың республикалық тамыз саммиті аясында 25 тамызда Қазақ ұлттық спорт университетінде «Дене шынықтыру – адами капиталды дамытудың стратегиялық негізі: заманауи тәсілдер, инновациялар және үздік тәжірибелер» тақырыбында секциялық отырыс өтті.
Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті ұйымдастырған шараға Оқу-ағарту министрлігі, Салалық кәсіподақ өкілдері - төраға А.Мұқашева, құқықтық жұмыс, әлеуметтік әріптестік, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бөлімі басшысы Р.Қыдырбаева, ұйымдастыру бөлімі басшысы Е.Иманбаев, Туризм және спорт вице-министрі С.Жарасбаев, спорт орталықтарының басшылары, әдіскерлер мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері қатысты.
Шарада спорт саласының үздік мамандары, тәжірибелі спортшылар мен педагогтар озық тәжірибелерімен бөлісіп, білім беру жүйесінде дене тәрбиесін дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Конституцияның негізгі нормалары мен құндылықтарын білім беру ұйымдарының қызметінде практикалық тұрғыдан іске асыру, дене шынықтыру және спорт саласына жоғары білікті мамандар даярлаудың заманауи тәсілдері таныстырылды.
Отырыс барысында республикалық спорт федерацияларының, қоғамдық бірлестіктердің және өзге де ұйымдардың өкілдеріне марапаттар табысталды. Әлеуметтік әріптестікті дамытуға және бірлескен жұмыстарды ілгерілетуге қосқан үлесі үшін Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы «Бірлік күші» номинациясымен марапатталды.
Қатысушылар Қазақ ұлттық спорт университетінің ғылыми-білім беру экожүйесімен, заманауи зертханаларымен, мамандандырылған аудиторияларымен, мұражай кешенімен және спорттық инфрақұрылымымен танысты.
Шара аясында оқушылардың қатысуымен жеңіл атлетикадан «Kids’ Athletics» жобасының тұсаукесері өтті.
-
Фотографии
-