БАСШЫЛЫҚТЫҢ АРТЫҚ ЖҮКТЕМЕНІ ТОЛЫҚ ТӨЛЕМЕЙ, ТЕК 16 ЖӘНЕ КЕЙІН 24 САҒАТПЕН РӘСІМДЕУІ ЗАҢДЫ МА?

Математика пәнінің мұғалімімін. Қыркүйек айынан математика мұғалімдерінің тапшылығына байланысты аптасына нақты 30 сағат орындаймын, алайда тарифтен 16 сағатпен өткізді. Екі айдан кейін тарифке 24 сағатпен енгізілетін өзгеріс тек қаңтардан болды. Қыркүйек айынан 4 айға 16 сағат, қаңтардан осы уақытқа дейін 24 сағатқа, қалған сағаттарға ақы төленбеді. Басшылықтың осы әрекеті заңды ма?
«Тарифтеу» түсінігінен туындайтын ұғымдарға «Мемлекеттік ұйымдар Педагогтарының жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №191 бұйрығында (әрі қарай – Қағидалар) анықтамалар берілген.
Қағидалардың 2-тармағының 1), 2)-тармақшаларына сәйкес «педагогтарды тарифтеу» — орындалатын жұмыстың күрделілігін, шарттары мен көлемін ескере отырып, педагогтардың кәсіптік даярлығына және біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар негізінде олардың жалақысын белгілеуге бағытталған білім беру ұйымы жүргізетін іс-шаралар кешені;
«Тарификациялық тізім» — біліктілікті, белгіленген жүктемені, арттыруларды, қосымша ақыларды, үстеме ақыларды және өзге де төлемдерді ескере отырып, педагогтардың жалақысын анықтайтын, ұйымның бірінші басшысымен бекітілетін құжат.
Қағидалардың 14- тармақшасында оқу жүктемесінің көлемі тарифтеуден кейінгі кезеңде өзгерген жағдайда, еңбек шартына қосымша келісім жасасу негізінде жүктемені өзгерту туралы бұйрық шығару арқылы тарифтеу тізіміне өзгерістер енгізу жүргізілуі тиіс.

Жалақы бойынша: Қағидалардың 13-тармағына сәйкес барлық мамандықтар мұғалімдерінің бір айдағы жалақысы лауазымдық айлықақыны олардың #бір #аптадағы #нақты #жүктемесіне көбейту және алынған туындыны нормативтік оқу жүктемесіне бөлу арқылы есептеледі.
Сіздің жағдайда, жұмыс берушінің әрекеті өрескел еңбек құқын бұзушылық болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 3-тармағының 2)-тармақшасында педагогтардың лауазымдық айлықақысы аптасына белгіленген оқу жүктемесін негізге ала отырып айқындалатыны және ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №191 бұйрығының 14- тармақшасында аптадағы нақты жүктемесін бойынша есептелетіні көрсетілген.

Сондықтан, мәселе шешімін таппаған жағдайда қызметкердің өзінің бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру мақсатында ҚР Еңбек кодексінің 159 бабында көзделген тәртіпке сәйкес Келісім комиссиясымен жалпы сот құзыретінде қарастыруға мүмкіндігі бар.