ТАНЫМДЫҚ САЙЫС ӨТКІЗІЛДІ
Республика күніне орай Ақтөбе облысы Алға аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы мен Жастар ресурстық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Республика күні – елдігімнің еңсесі» атты интеллектуалды QUIZ ойыны өткізілді.
Танымдық сайысқа 9 команда қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар еліміздің тарихы, ұлттық құндылықтары мен мемлекеттік рәміздеріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, білім деңгейлерін, тапқырлықтары мен шапшаңдықтарын көрсетті. Зияткерлік дода тартысты әрі қызықты өтіп, командалар жоғары белсенділік танытты.
Сайыс барысында аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Н.Шындаулет жастардың бастамаларына қолдау көрсету, олардың білімін жетілдіріп, қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік жасау – кәсіподақ ұйымы қызметінің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, осындай танымдық шаралардың жастардың белсенділігін арттырып, шығармашылық әлеуетін дамытуға және қоғамдық өмірге белсене араласуына ықпал ететінін жеткізді.
Сайыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен командалар аудандық кәсіподақ ұйымының жүлделі сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ, қатысушыларға түрлі номинациялар табысталып, олардың белсенділігі мен ерекше қабілеттері бағаланды.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы