КӘСІПОДАҚТАН ҚОЛДАУ
Шығармашылық академиясында көрнекті ұстаз, білікті басшы Мақсот Құсайыновтың 90 жылдығы мен лицей-интернаттың 70 жылдығына орай «Люди одной эпохи» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Тағылымды шараға білім саласының өкілдері, ұстаздар, Мақсот Құсайыновтың шәкірттері, сондай-ақ кәсіподақ ұйымының өкілдері қатысты.
Кітапта саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен білім беру ісіне арнаған Мақсот Құсайынұлының өмір жолы, кәсіби қызметі мен адами болмысы баяндалады. Туындыға оның шәкірттері мен әріптестерінің естеліктері, сондай-ақ жеке күнделігіндегі жазбалар негіз болған. Кітаптың құрастырушысы әрі авторы – ұстаздың қызы Қорлан Құсайынова.
Мақсот Құсайынұлы – қазақ білім беру саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғалардың бірі. Ол Ақтөбедегі дарынды балаларға арналған лицей-интернатты 15 жыл бойы басқарды. Осы кезеңде білім ордасының 18 оқушысы мектепті алтын медальмен тәмамдады.
Талапшылдығы мен жаңашылдығы арқылы танылған басшының тұлғасы кітап беттерінде шәкірттері мен әріптестерінің жүрекжарды естеліктері арқылы ашылады. Естеліктерде оның азаматтық ұстанымы, адамгершілік қасиеттері, ұстаздық ұстанымы мен білім саласына сіңірген еңбегі кеңінен көрініс тапқан.
Кітаптың тұсаукесерінде облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева сөз сөйлеп, облыс әкімінің ізгі тілегін жеткізді.
Бұдан кейін Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының бас маманы Айжарық Серімбетов кәсіподақ ұйымының төрағасының құттықтауын жеткізіп, мерейтойлық шараның маңызына тоқталды. Сөз соңында мектеп-лицей ұжымына емдеу-сауықтыру шаралары мен тарихи-танымдық саяхатқа арналған облыстық кәсіподақ ұйымының 500 мың теңгелік сертификаты табысталды.
Кездесу барысында лицей-интернаттың шәкірттері де сөз алып, Мақсот Құсайынов туралы естеліктерімен бөлісті. Ұстаздың тәлімін көрген шәкірттердің жылы лебіздері оның кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани мұрасы мен адамдық өнегесінің айқын дәлеліне айналды.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-