ҰЖЫМ МҮДДЕСІН ҰЛЫҚТАҒАН КӨШБАСШЫ
Кәсіподақ жұмысының нәтижесі өткізілген іс-шаралардың санымен ғана емес, ең алдымен, еңбек адамының мүддесін қорғауымен, әріптестер арасындағы сенімді нығайтуымен және ұжымның ортақ мақсат жолында топтасуымен өлшенеді. Осы жауапты міндетті ұстаздық қызметімен ұштастырып, бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын жүйелі жүргізіп келе жатқан жандардың бірі – Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылындағы №1 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшісі Мейраш Нұратайқызы Сегізбаева.
2018 жылдан бері мектеп-лицейдің бастауыш кәсіподақ ұйымына жетекшілік етіп келе жатқан Мейраш Нұратайқызы кәсіподақ қызметін ұжымның күнделікті тыныс-тіршілігімен байланыстыра отырып, мүшелердің мүддесін қорғауға және ортақ бастамалардың жүзеге асуына атсалысып келеді. Қызметкерлердің әлеуметтік мәселелеріне көңіл бөлу, мерекелік шаралар ұйымдастыру, ардагер ұстаздарды құрметтеу, қайырымдылық істеріне қолдау білдіру – оның жетекшілігімен атқарылып келе жатқан жұмыстардың бір бөлігі.
Мейраш Нұратайқызы басқаратын кәсіподақ ұйымының жұмысы да лайықты бағасын алған. 2021 жылы «Үздік кәсіподақ ұйымы – 2021» облыстық байқауында жеңімпаз атануы бастауыш ұйым қызметінің нәтижелі болғанын айғақтайтын маңызды жетістік. Ал сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін 2021 жылы төсбелгімен, 2026 жылы кәсіподақ саласындағы айрықша еңбегі үшін төсбелгімен марапатталуы оның көпжылдық қоғамдық қызметіне берілген жоғары бағаның көрінісі.
Әрине, кәсіподақ жұмысының шынайы өлшемі марапаттармен ғана шектелмейді. Оның басты нәтижесі әріптестердің ұйымға деген сенімі, еңбек адамының өз құқығын қорғауда жалғыз емес екенін сезінуі және ұжымда өзара қолдау мәдениетінің қалыптасуы. Осы тұрғыдан алғанда Мейраш Нұратайқызының қызметі бастауыш кәсіподақ ұйымының мектеп өміріндегі орнын нығайтуға бағытталған еңбектің үлгісі болып табылады.
Кәсіподақтың күші оның мүшелерінің бірлігінде, ал беделі еңбек адамының құқығы мен қадір-қасиетін қорғауға бағытталған нақты ісінде. Мейраш Сегізбаеваның ұстаздық және кәсіподақтық қызметі осы қағидаттарды ұжымдық өмірде орнықтыруға бағытталған. Еңбек жолы мен қоғамдық қызметті қатар алып жүрген осындай көшбасшылардың тәжірибесі кәсіподақ қозғалысының дамуына серпін береді.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фото
-