МAҚАНШЫДА КӘСІПОДАҚ ЖАСТАРЫ БАС ҚОСТЫ
С.Сейфуллин атындағы мектеп-бақшасында Мақаншы ауданының кәсіподақ жастарының басын қосқан мазмұнды кездесу өтті. Жиынға Абай облыстық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі бас маманы Ұ.Воказе және Мақаншы аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Д.Төлегенұлы қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастарға кәсіподақ ұйымының қызметін кеңінен таныстыру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері туралы түсініктерін қалыптастыру және кәсіподақ жастарының белсенділігін арттыру.
Жиналыс барысында кәсіподақ ұйымының негізгі мақсаттары мен міндеттері, жастардың кәсіподақ қызметіндегі рөлі, еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестік және жастардың кәсіби дамуына қатысты маңызды мәселелер талқыланды.
Жиынға қатысқан Ұ.Воказе кәсіподақ қызметінің бағыттары мен маңыздылығына тоқталып, жастарға пайдалы ақпараттарымен бөлісті. Ал аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Д.Төлегенұлы кәсіподақ жұмысының аудан көлемінде жүзеге асырылуы және жастардың ұйым қызметіне белсенді қатысуының маңызы жөнінде өз ойымен бөлісті.
Кездесу барысында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тәжірибе алмасты. Жастардың ұсыныстары мен бастамаларына назар аударылып, алдағы уақытта бірлесе атқарылатын жұмыстар жөнінде ой қозғалды.
Осындай кездесулер жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, кәсіподақ құндылықтарын насихаттауға, өзара ынтымақтастықты нығайтуға және еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жандандыруға мүмкіндік береді.
Бірлік бар жерде – тірлік бар! Кәсіподақ жастары – жарқын болашақтың белсенді күші!
Абай облысы, Мақаншы аудандық кәсіподақ ұйымының жастар кеңесі