ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОЛДАУ – ӘДІЛ ШЕШІМНІҢ КЕПІЛІ
«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай кәсіподақтық науқанының Тұжырымдамасы аясында «Кәсіподақ жаныңда: заңгерлік көмек көрсетудің бірыңғай күні» жобасы Жамбыл облысында жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аталған бастаманың негізгі мақсаты – еңбек адамының құқықтық сауаттылығын арттыру, кәсіподақ мүшелеріне еңбек заңнамасы бойынша нақты әрі сапалы құқықтық көмек көрсету, олардың еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қолдау білдіру.
Осы науқан аясында біз де Жергілікті кәсіподақ ұйымының қолдауы мен көмегін сезінген мамандар ретінде өзіміздің шешімін тапқан мәселемізбен бөліскіміз келеді. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстық білім басқармасына қарасты мемлекеттік білім беру мекемелері мен білім бөлімдері қаржылық бақылау тексеруден өтті. Нәтижесінде, бақылау тексеру органымен қорытынды шығарылып «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімі» КММ 26.01.2024 жылғы анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама ұсынылды.
Нұсқамаға сәйкес Білім бөлімінің әдіскерлері мен басқа да қызметкерлеріне қоса атқару түрінде жұмыс атқарған уақыттары үшін төленген 43 млн 86 мың теңге мөлшерінде жалақыны, сауықтыру жәрдемақыларын және демалыс төлемдерін негізсіз төленді деп белгіленіп, мемлекеттік бюджетке қайтару туралы ұсыныс білдірілді.
Аталған нұсқама және қорытындымен келіспеуі себебінен «Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімі» КММ тарапынан Жамбыл облысы Тараз қалалық сотына талап арыз берілді. Тараз қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен талап арыз қолдау таппай, қанағаттандырусыз қалдырылды. Жамбыл облысының азаматтық және әкімшілік істер бойынша аппеляциялық сотының шешімімен бірінші сатылы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды. ҚР Кассациялық сотымен бірінші сатылы соттың шешімі күшінде қалдырылып, апелляциялық соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Нәтижесінде, тексеруші орган өз нұсқамасын 28.10.2025 жылға дейін орындау туралы талап қойды.
Осыған орай, заң талаптарына сәйкес аталған қаражатты регрестік тәртіппен қызметкерлерден өндіру шаралары басталып, қызметкерлерге төленген сомаларды қайтару туралы талап қойылып, қайтарудан бас тартуларына байланысты Білім бөлімі тарапынан айлық жалақыдан ұстау туралы бұйрық шығарды. Бұл жағдай білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік құқықтарына тікелей әсер етіп, кәсіподақ ұйымының әділдік жолындағы күресін күшейте түсті. Кәсіподақ ұйымының кәсіби мамандары бірлесе отырып, мәселені жан-жақты зерделеп, заң аясында жүйелі жұмыс жүргізді.
Сала өкілдерінің құқығын қорғау мақсатында бұйрықтың күшін жою туралы Байзақ аудандық сотына талап арыз берілді. Сот шешімімен қызметкерлердің құқығы қалпына келтіріліп, айлық жалақыдан ұстау жүргізу туралы бұйрықтың күші жойылды.
Нәтижесінде екі жылға созылған табанды еңбектің арқасында әділдік орнап, қиындықтың соңы үлкен қуанышқа ұласты. Сот шешіміне сәйкес аудандық білім бөлімінің әдіскер мамандарына төленген айлық жалақылар кері қайтаруға жатпайтын ақы болып белгіленді. Бұл ретте 16 әдіскер маманның құқығы қорғалды. Осы ретте, кәсіподақ ұйымының бірлігі мен құқықтық сауаттылығын, еңбек адамының мүддесін қорғаудағы табандылығын атап өткіміз келеді.
Жамбыл облысы Байзақ ауданының білім бөлімінің әдіскерлері
#КәсіподақКөмектеседі #КәсіподақЖаныңда #ЕңбекАдамы #ЕңбекБолашағы #ҚуаттыБастауышҰйым #ҚауіпсізЕңбек