ЖУАЛЫДА ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Жуалы аудандық комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстан кәсіподақтары күніне орай Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында салтанатты жиын өтті.
Шараға Жергілікті кәсіподақ төрағасы Е.Мағзымбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Шертаева, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен белсенді мүшелері және сала ардагерлері қатысты.
«Кәсіподақ – еңбек адамының тірегі: бір мақсат, бір мүдде» тақырыбы аясында ұйымдастырылған жиынды Жергілікті кәсіподақ төрағасы Е.Мағзымбеков ашып, кәсіподақ мүшелерін айтулы мерекемен құттықтады.
– Жерлесіміз, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет» деген қанатты сөзі бар. Батыр бабамыз айтқандай, мұғалімдік жай ғана жұмыс емес, үлкен жауапкершілік пен жүрек қалауы. Осы талаптан бүгінде табылып жүрген ұстаздар ортамызда көп. Мен де осы мектепте жақсы ұстаздардан білім-тәрбие алдым. Қашан келсем де оқыған мектебім ыстық. Ал күнделікті кәсібіміздің аясында біздің алдымызда бірінші кезекте еңбек адамының мүддесі тұрады. Кәсіподақ ұйымы оған әрқашан өз қамқорлығы мен қолдауын көрсетеді, көрсете береді. Әріптестігіміз бұдан да артып, еңбек адамының мәртебесі көтеріле берсін, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Шертаева кәсіподақпен арадағы әріптестік байланыстың маңызын атап өтті.
- Біз кейбір ұжымдарда келіспеушіліктер орын алғанда, арыз-шағымдар түскен кезде кездесіп, туындаған мәселені адамгершілікке салып, заң аясында шешілуге және оң шешімін табуына күш саламыз. Әр кезде де бірлескен жұмысымыз алға бастай берсін, – деді Бахыт Рахымжанқызы.
Ұстаздарға деген ыстық лебізін Жуалы аудандық кәсіподақ комитетінің есепші маманы Аризат Мұртаза да жеткізіп, әріптестерін мерекемен құттықтады. «Марапат мерей өсіреді» демекші, мерекелік жиын барысында кәсіподақ белсенділері салалық кәсіподақтың төсбелгісімен, Құрмет грамоталары және Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ, зейнетке шыққан педагогтарға құрмет көрсетіліп, жиын соңы кәсіподақ мүшелерінің дайындаған мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фото
-