ЛАЙЫҚТЫ ЕҢБЕК ЖОЛЫНДА
Ақтөбе облысы Әйтеке би, Қарғалы және Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының жанынан құрылған Жастар кеңесінің ұйымдастыруымен «Лайықты еңбек үшін бүкіләлемдік іс-қимыл күніне» орай жастар арасында дөңгелек үстелдер мен танымдық QUIZ сайыстары ұйымдастырылды.
«Жас қызметкерлер болашақ үшін кәсіподақтарға бірігеді» ұранымен өткен іс-шаралардың басты мақсаты – жастардың еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, кәсіподақ қозғалысының қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттау, сондай-ақ жас қызметкерлердің кәсіби әлеуеті мен әлеуметтік белсенділігін арттыру.
Кездесулер барысында еңбек заңнамасының сақталуы, жұмыс орнындағы әлеуметтік кепілдіктер, қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы кәсіподақтардың рөлі, сондай-ақ жастардың еңбек қатынастарына белсенді араласуы мәселелері кеңінен талқыланды.
Танымдық сайыстар қатысушылардың еңбек заңнамасы жөніндегі білімдерін шыңдап, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берсе, дөңгелек үстелдер жастардың өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салуына жол ашты.
Кездесу қорытындысында жастар еңбек саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, өз құқықтарын білу мен қорғаудың, сондай-ақ қызметкерлердің мүддесін бірлесе қорғауда кәсіподақтардың рөлін түсінудің маңыздылығына назар аударды.