ЖАҢАШЫЛ ОЙДЫҢ ЖАРШЫСЫ
Жас ұстаз – жаңашыл ойдың, тың ізденістің және жарқын бастамалардың жаршысы. Білім саласында еңбек етіп жүрген әрбір жас маман ел болашағына салынған инвестиция. Себебі, ұстаздық жол тек білім берумен шектелмей, шәкірт жүрегіне жол тауып, оның қабілетін ашып, биік белестерге жетелеуді талап ететін үлкен жауапкершілік.
Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген жас мамандардың бірі – Дәулетжан Мәдетхан. Ол еңбек жолын ұстаздықтан бастап, бүгінде білім ордасының оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға өз үлесін қосып жүрген білікті маман.
Дәулетжан Мәдетхан 1993 жылы 4 қыркүйекте Ақтөбе облысы Алға қаласында дүниеге келген. Жоғары білімді маман 2015 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін тәмамдады.
Еңбек жолын 2015 жылы Алға ауданындағы Есет батыр атындағы мектеп-бақшада физика пәнінің мұғалімі болып бастады. Ұстаздық қызметте тәжірибе жинақтап, кәсіби біліктілігін шыңдай келе, 2020 жылы директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл қызметті 2022 жылдың соңына дейін атқарып, мектептің тәрбие жұмысына белсене араласты.
2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Есет батыр атындағы мектеп-бақшада директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді. Ал, 2025 жылғы аттестаттау нәтижесі бойынша оған үшінші дәрежелі директордың орынбасары біліктілігі берілді.
Дәулетжан Мәдетхан – ұстаздық пен басқарушылық қызметті қатар алып жүрген, кәсіби дамуға ұмтылатын, ізденістен жаңылмайтын маман. Оның басты ұстанымы – білім сапасын арттырумен қатар, шәкірттің бойындағы талап пен талантты дер кезінде танып, дұрыс бағыт-бағдар беру.
Ұстаз еңбегінің ең үлкен бағасы – шәкірт жетістігі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде оның жетекшілігіндегі оқушы білім мен ізденіске деген құштарлығын танытып, байқауларға белсенді қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, облыстық олимпиадада І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Жас келсе – іске. Жастық жігер мен кәсіби білімді ұштастыра білген Дәулетжан Мәдетханның еңбек жолы – өз ісіне жауапкершілікпен қарап, үнемі ізденіп, білім саласында тәжірибесін шыңдап келе жатқан жас маманның еңбекке деген ұмтылысының жемісі.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы