ҚУАТТЫ КӘСІПОДАҚ – ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
Республика көлемінде қарқын алған «Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» атты бірыңғай кәсіподақтық науқаны аясында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Сарысу аудандық комитетіне қарасты Жарылқасын Отарбаев атындағы орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуда.
Науқанның негізгі мақсаты – еңбек адамының құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау, кәсіподақ ұйымдарының әлеуетін арттыру, ұжымдағы өзара ынтымақтастықты нығайту және адал еңбекті дәріптеу. Осы бағытта бастауыш кәсіподақ ұйымы мектеп әкімшілігімен және әдістемелік бірлестіктермен бірлесе отырып, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әділдік қағидаттарын сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Кәсіподақтың маңызды міндеттерінің бірі – еңбек ұжымындағы әр адамның мәселесіне бейжай қарамау. Осыған байланысты қиын жағдайға тап болған немесе денсаулығына байланысты қолдауды қажет ететін әріптестерге моральдық және материалдық көмек көрсету, өзара қолдау мен жанашырлық таныту бастамалары да жүзеге асырылуда. Мұндай жұмыстар кәсіподақ мүшелерінің ұйымға деген сенімін арттырып қана қоймай, ұжымдағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Себебі кәсіподақтың күші тек құқық қорғау қызметімен шектелмейді. Оның маңызды мәні қызметкердің жанынан табылып, қажет кезде қолдау көрсету, мәселені бірге көтеріп, оның шешілуіне ықпал ету.
Бүгінде еңбек адамының кәсіби мәртебесін көтеру, оның еңбегін бағалау және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету кәсіподақ жұмысының басым бағыттарының бірі болып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, «Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» науқаны бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандырып, еңбек ұжымдарымен байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беруде.
Науқан аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, еңбек ұжымдарымен кездесулер, құқықтық түсіндіру жұмыстары, әлеуметтік бастамалар және өзара қолдау шаралары арқылы толықтырылмақ.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фото
-