ЕҢБЕК ҰЖЫМЫНЫҢ ҮНІ КӘСІПОДАҚ НАЗАРЫНДА
Еңбек адамының талап-тілегін тыңдап, еңбек қатынастарына байланысты сұрақтарын шешуге араласу кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясындағы кезекті кездесу Жамбыл облысының Жуалы ауданында өтті. Мыңбұлақ орта мектебінің еңбек ұжымымен өткен кездесуге Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов және Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қатысты.
Кездесуде кәсіподақ ұйымдарының қазіргі қызметі, әлеуметтік әріптестік, еңбек қатынастарын реттеу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыскерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері кеңінен талқыланды. Бағлан Қарашолақов еңбек ұжымдарымен тікелей кездесуде жұмыскерлердің пікірін тыңдау, оларды толғандыратын мәселелерді жергілікті жерде анықтау, көтерілген мәселелерді тиісті деңгейде қарастырып, оларды шешуге ықпал етудің маңызына тоқталды.
Кездесу барысында мектептің еңбек ұжымы тарапынан техникалық қызметкерлердің еңбекақысын арттыру мәселесі көтерілді. Қызметкерлер өз ұсыныстарын ортаға салып, аталған мәселені шешуге ықпал етуді сұрады. Өз кезегінде Ерұлан Мағзымбеков білім саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауда кәсіподақтың рөліне тоқталды.
– Білім саласында еңбек ететін әрбір қызметкердің өзекті мәселесі кәсіподақтың назарында. Әсіресе, педагогтермен қатар, техникалық және қызмет көрсету саласындағы жұмыскерлердің де еңбек жағдайы мен әлеуметтік мәселелеріне көңіл бөлу маңызды. Бүгінгі кездесуде еңбек ұжымының пікірін тікелей тыңдап, көтерілген ұсыныстарды бірге талқыладық. Біз мәселені тыңдап қана қоймай, оны заңнама аясында шешудің нақты жолдарын қарастыруға және жұмыскердің мүддесін қорғауға ықпал етеміз, – деді Ерұлан Мағзымбеков.
«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының басты ерекшелігі де сол, кәсіподақ өкілдері еңбек ұжымына барып, жұмыскерлердің мәселесін тікелей тыңдайды. Мұндай кездесулер бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандырып қана қоймай, кәсіподақ пен еңбек ұжымы арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фото
-