КӘСІПОДАҚ ЖАС КӨШБАСШЫЛАРМЕН БІРГЕ
Жастардың кәсіподақ қозғалысына белсенді араласуы ұйымның бүгінгі жұмысы мен ертеңгі әлеуетін айқындайтын маңызды бағыттардың бірі. Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Сарысу аудандық комитеті бұл бағытта жастармен жұмысты жүйелі түрде жүргізіп келеді. Аудандық кәсіподақ комитетіне қарасты 46 мүшелік ұйымда жастар кеңесі жұмыс істейді. Сонымен қатар жас мамандардың көшбасшылық қабілетін дамытуға және кәсіподақ жұмысына белсенді араласуына бағытталған «Кәсіподақтың жас көшбасшылар мектебі» жұмыс жүргізуде.
Бүгінде кәсіподақ құрамында 615 жас мүше бар. Бұл ұйым мүшелерінің 20 пайызы. Олардың қатарында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 9 жас төрағасы, сондай-ақ сайланбалы кәсіподақ органдарында 7 жас өкіл бар. Кәсіподақтың алқалы органдарындағы жастардың үлесі де 20 пайызды құрайды. Кәсіподақ құрылымындағы жастардың көрсеткіші жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді. Жас мамандар үшін кәсіподақтың ең басты құндылығы – еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндік беретін ұйымдық қолдау. Әсіресе еңбек жолын енді бастаған маман үшін жаңа ортаға бейімделу, әріптестерімен тәжірибе алмасу және өз құқығын білу маңызды.
Осы ретте тәлімгерлік институтын дамыту мен жас қызметкерлердің кәсіби ортаға бейімделуіне жағдай жасау жастар саясатын жетілдірудің негізгі бағыттарының бірі. Жастардың кәсіби және шығармашылық бастамаларын қолдау, семинарлар, тренингтер, байқаулар мен түрлі қоғамдық іс-шараларға қатыстыру олардың белсенділігін арттыруға жол ашады.
Кәсіподақ жұмысының тағы бір маңызды бағыты – әлеуметтік қолдау. Ұжымдық шарттар арқылы жас отбасылар мен жас мамандарға әлеуметтік көмек көрсету мүмкіндіктері қарастырылады. Сонымен бірге жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында мәдени-спорттық шараларға да көңіл бөлінеді. Мұндай жұмыстар жас маманның тек кәсіби тұрғыдан емес, азаматтық және қоғамдық тұрғыдан да қалыптасуына ықпал етеді. Бүгінде кәсіподаққа мүше болу ортақ мәселелерді бірге талқылап, өз пікірін білдіруге және еңбек ұжымының қоғамдық өміріне араласуға мүмкіндік береді.
Жастардың білімін жетілдіруіне, еңбек пен оқуды қатар алып жүруіне, кәсіби даярлығын арттыруына жағдай жасау да назарда. Бұл ретте кәсіподақ ұйымының әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамай, жас қызметкерлердің қажеттіліктерін зерделеуі маңызды.
Жастар саясаты бір күндік науқан емес, тұрақты әрі жүйелі жұмысты қажет ететін бағыт. Сондықтан жас мамандарды кәсіподақ қызметіне тартумен қатар, олардың арасынан болашақ көшбасшыларды қалыптастыруға мүмкіндік беру керек.
Сарысу ауданындағы кәсіподақ ұйымы үшін басты мақсат жастарды қолдау арқылы кәсіподақ қозғалысының сабақтастығын қамтамасыз ету. Өйткені бүгінгі жас маман – ертеңгі кәсіподақ көшбасшысы. Ал оған көрсетілген сенім мен қолдау ұйымның болашағына жасалған нақты қадам болмақ.
Жамбыл облысының Сарысу аудандық комитеті
-
Фото
-