ЕҢБЕК ӨТІЛІН ЕСЕПТЕУ БОЙЫНША ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОЛДАУ
Еңбек адамының құқығын қорғау, оның заңды мүдделерін қолдау және еңбек қатынастарына байланысты туындаған мәселелерге түсіністікпен қарау – кәсіподақ ұйымының басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Жамбыл аудандық филиалына бастапқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі Утешев Акилбек Лиссеровичтен өтініш келіп түсті.
Өтініш иесі әскери қызметте болған кезеңін педагогикалық еңбек өтіліне есептеу мәселесі бойынша құқықтық түсіндірме беруді сұраған. Аталған мәселе педагогтердің еңбек өтілін есептеу тәртібімен және қолданыстағы нормативтік-құқықтық талаптармен тығыз байланысты болғандықтан, өтініш кәсіподақ тарапынан назарға алынды.
Кәсіподақ филиалы өтініште көтерілген мәселені зерделеп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысы мен білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбек өтілін есептеу тәртібіне қатысты нормативтік құжаттар негізінде түсіндірме берді. Берілген жауапта әскери қызмет кезеңін педагогикалық еңбек өтіліне есептеу кезінде ескерілетін заңнамалық талаптар, қызметкердің атқарған лауазымы мен еңбек өтілін растайтын құжаттардың маңыздылығы түсіндірілді.
Кәсіподақтың құқықтық көмегі – қызметкердің өз құқығын білуіне және еңбек мәселелерін заң аясында шешуіне жасалған маңызды қадам. Өтініш иесі Акилбек Утешев кәсіподақ ұйымынан өзіне қажетті түсіндірме алып, еңбек өтілін есептеу мәселесіне қатысты ақпаратпен танысты, құқықтық тұрғыда қолдау көрсеткеніне ризашылығын білдірді.
Білім саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, олардың өтініштерін қарастыру және заңнамалық өзгерістерге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу кәсіподақ қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Мұндай жұмыстар еңбек адамының өз құқықтарын білуіне, туындаған мәселелерді заң талаптарына сәйкес қарастыруына мүмкіндік береді.
Кәсіподақ тек әлеуметтік, мәдени және спорттық іс-шаралардың ұйымдастырушысы ғана емес, сонымен қатар әрбір мүшесінің жанынан табылып, еңбек жолындағы мәселелерін шешуге қолдау көрсететін сенімді серіктес. Утешев Акилбек Лиссеровичтің өтінішіне көрсетілген құқықтық қолдау «Кәсіподақ көмектесті» атты игі бастаманың нақты көрінісі.
Жамбыл облысы Жамбыл аудандық кәсіподақ комитеті
#ЕңбекАдамы #ЖасКәсібиМаман #КәсіподақЖанында #ЕңбекБолашағы