КӘСІПОДАҚТЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ АЙҚЫНДАЛДЫ
Жаңа оқу жылы – білім саласы қызметкерлері үшін жаңа мақсаттар мен жауапкершілігі мол кезеңнің бастауы. Осыған орай Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің Атқару комитетінің отырысы өтіп, білім беру ұйымдарындағы кәсіподақ жұмысының өзекті бағыттары жан-жақты талқыланды.
Жиынға Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы М.Таукеева және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты. Күн тәртібіндегі мәселелер тек есеп берумен шектелмей, алдағы кезеңдегі жұмыстың нақты бағыттарын айқындауға арналды.
Отырыста Салалық келісім мен ұжымдық шарттардың орындалу барысы талқыланып, еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік-еңбек қатынастары, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар 2026 жылғы жазғы сауықтыру жұмыстарының қорытындысы шығарылып, атқарылған жұмыстар сараланды. Кәсіподақ мүшелерінің демалысын тиімді ұйымдастыру бағытындағы тәжірибе ортаға салынып, алдағы кезеңге бірқатар ұсыныстар белгіленді.
Ұстаз еңбегін ұлықтау – кәсіподақтың маңызды бағыттарының бірі. Осыған байланысты «Мұғалімдер күні» мерекесіне орай кәсіподақ мүшелерін марапаттау мәселесі қаралды. Білім саласының дамуына үлес қосып, кәсіби еңбегімен ерекшеленген қызметкерлердің еңбегін лайықты бағалау – олардың кәсіби мәртебесін арттырумен қатар, ұжымдағы ынтымақ пен өзара қолдауды нығайтудың маңызды тетігі. Сонымен бірге бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары атқарылған жұмыстары туралы есеп беріп, ұйымдардың нақты нәтижелері мен алдағы міндеттері бойынша пікір алмасты.
Жиын барысында әртүрлі мәселелер көтеріліп, төрағалардың көкейінде жүрген сауалдар ортаға салынды. Сұрақ-жауап форматында өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары қарастырылды. Әрбір ұсыныс пен бастама назардан тыс қалмай, алдағы жұмыстың нақты бағыттары белгіленді. Кентау қалалық кәсіподақ комитеті жаңа оқу жылында да әлеуметтік әріптестікті нығайтып, еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, кәсіподақ мүшелеріне қолдау көрсету бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастырады. Бір мақсат. Бір мүдде. Бір кәсіподақ! Еңбек адамының жанында – КӘСІПОДАҚ!