ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
Кожанова Зинаида Құрбанбайқызы білім саласына 38 жылдық ғұмырын арнаған, ұстаздық пен басқару ісін қатар алып жүрген білікті маман. Оның еңбек жолы – өз ісіне адалдықтың, кәсіби ізденістің және ұжым алдындағы жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Ұстаздық жолын таңдаған ол бүгінде Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласындағы Қашаған Күржіманұлы атындағы №8 жалпы білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып келеді. 2015 жылдың қыркүйегінен бастап осы білім ордасында еңбек етіп келе жатқан Зинаида Құрбанбайқызы мектептің оқу-әдістемелік жұмысын жүйелі ұйымдастыруға, білім сапасын арттыруға және педагогтердің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөледі.
Ол тек өз пәнін жетік меңгерген ұстаз ғана емес, әріптестеріне бағыт-бағдар беріп, жас мамандарға тәлімгерлік жасайтын жаңашыл әрі шығармашыл маман. Ұстаздың еңбегі әр жылдары лайықты бағаланып келеді. 2021 жылы «Жыл үздігі» номинациясы бойынша «Үздік мектеп әдіскері» атанса, 2025 жылы қала әкімінің «Жыл үздігі-2025» номинациясында «Үздік директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары – 2025» атағына ие болды.
Бұл марапаттар – оның кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Зинаида Құрбанбайқызы өз тәжірибесін бөлісуден де жалыққан емес. 2023 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Ақтау қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалы ұйымдастырған өңірлік форумда іс-тәжірибесімен бөлісіп, «Алғыс хатпен» марапатталды. 2024, 2025жылдары «Өрлеу» БАҰО Маңғыстау облысы бойынша Кәсіби Даму институтының біліктілік арттыру курстарында кәсіби қызметінің тәжірибелік нәтижесімен бөлісіп, Алғыс хаттарға ие болды. 2025 жылғы облыстық сараптамалық кеңес отырысында «Мектептің әдістемелік қызметін ұйымдастырудың тиімді жолдары: деректер базасы, аналитика, мониторинг» тақырыбындағы әдістемелік құралы облыс көлемінде таратылып, республикалық сараптамалық кеңеске ұсынылды. Оның әдістемелік ізденісі мен тәлімгерлік тәжірибесі мектеп ұжымының дамуына зор ықпал етіп келеді.
Зинаида Құрбанбайқызы еңбек жолындағы тағы бір маңызды бағыт – кәсіподақ қызметі. Ол мектеп кәсіподақ ұйымының 18 жылдан астам уақыт бойы белсенді мүшесі ретінде ұжымның әлеуметтік жағдайына, еңбек құқықтарының сақталуына және қызметкерлердің мүддесін қорғауға өз үлесін қосып келеді. Ұжымдық шарттың орындалуын бақылау, еңбекті қорғау мен қауіпсіздік техникасы мәселелеріне атсалысу, мәдени-көпшілік және әлеуметтік іс-шараларды ұйымдастыру–оның қоғамдық жұмыстағы жауапкершілігін айқын көрсетеді. Кәсіподақ қызметін ол жай ғана міндет ретінде емес, әріптестеріне деген жанашырлық пен ортақ жауапкершіліктің бір көрінісі деп қабылдайды. Ұжым мүшелерінің әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарға белсенді араласуы да осы ұстанымының дәлелі.
Зинаида Құрбанбайқызының еңбегі Білім және ғылым министрлігінің Алғысымен, Құрмет грамотасымен, Маңғыстау облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен, басқа да марапаттармен атап өтілді. 2024 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталуы – оның білім беру саласына сіңірген еңбегінің жоғары бағасы. Бүгінде Зинаида Құрбанбайқызы өз ісінің шебері ретінде жас мамандарға үлгі көрсетіп, мектептің дамуына, педагогикалық ұжымның кәсіби өсуіне және білім сапасының артуына өз үлесін қосып келеді.
Еңбекпен келген абырой – ең биік марапат. Ал сол абыройды жылдар бойы сақтап, ұжым игілігіне жарату – нағыз маманның өлшемі. Зинаида Құрбанбайқызының өнегелі жолы осыны дәлелдейді.
Р.Мұхашева,
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы кәсіподақ филиалының төрағасы