ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰСТАЗ
Қабдоллаева Аяш Советбекқызы 1974 жылы 5 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында дүниеге келген. 2003–2006 жылдар аралығында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алған.
Аяш Советбекқызы өзінің еңбек жолын білім беру саласына және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге арнады. Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының О.Бөкей атындағы орта мектебінде 22 жыл бойы бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеп, өзін сауатты, жауапты әрі өз ісіне адал педагог ретінде көрсетті. 2022 жылдан бастап Глубокое ауданының Глубокое кентінің Балалар шығармашылық үйінде қосымша білім беру педагогы болып еңбек етеді. Біліктілік санаты - «педагог-зерттеуші».
Педагогикалық қызмет жылдарында Аяш Советбекқызы айтарлықтай кәсіби табыстарға жетті: 2024 жыл: «Қол өнері – сырлы өнер» шеберлер конкурсында І орын. 2025 жыл: «Үздік қосымша білім беру педагогы» облыстық конкурсында ІІ орын.
Аяш Советбекқызының өмірінде дәстүрлі садақ ату ерекше орын алады. Бұл көне спорт түріне баулып, ату техникасын меңгеруге әрі ұлттық дәстүрге деген сүйіспеншілікті оятуға оның келіні Төлеуқанова Ажар Рахметқызы үлкен ықпал етіп, бағыт-бағдар берген.
Бар-жоғы екі жыл ішінде бұл әуестік үлкен спорттық жетістіктерге ұласты:
Сеул (Корея Республикасы): Халықаралық турнирде І орын және алтын медаль. 2026 жыл (Қырғыз Республикасы): IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 50 елден келген қатысушылар арасында жеке есепте І орын алып, алтын медаль жеңіп алды.
Осы жоғары спорттық жетістіктері үшін Аяш Советбекқызы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапат - «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұдан бөлек, ол республикалық және облыстық турнирлердің көптеген жеңімпазы мен жүлдегері.
Педагог өз оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамытуға да ерекше көңіл бөледі. 2026 жылы оның тәрбиеленушілері «Алтын қазына» аудандық конкурсының Гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Аяш Советбекқызының кәсіби әрі өмір жолы – еңбекқорлықтың, мақсаттылықтың және үнемі дамуға ұмтылыстың жарқын үлгісі. Ол педагогикалық қызметті, шығармашылықты және спортты шебер ұштастырып, Қазақстанның ұлттық дәстүрлері мен мәдени мұрасын дәріптеп келеді.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, Аяш Советбекқызы – шәкірт жүрегіне білім мен ізгілік нэрін сепкен абзал ұстаз ғана емес, ұлттық өнерді жаңғыртып, көне спорттың көшін бастаған нағыз мерген-шебер.
Оның жүріп өткен жолы – «Еңбек етсең емерсің» деген қағиданың өмірдегі дәлелі. Ұстаздық пен өнерді, ұлттық спорт пен қайсар мінезді қатар алып жүрген тұлғаның әрбір жетістігі – өскелең ұрпақ үшін үлкен өнеге. Абырой мен еңбек қатар қонған асыл жанның алтын жебесі әрқашан нысанаға дәл тиіп, шығармашылық биіктері мен спорттық асулары асқақтай берсін!
Глубокое аудандық кәсіподақ ұйымы
Шығыс Қазақстан облысы