МҰҒАЛІМНІҢ БАСТЫ МҰРАТЫ – ШӘКІРТ ЖЕҢІСІ
Ұстаздық жол – ұлағатты жол. Ұстаздық – жай ғана мамандық емес, ол үлкен жауапкершілікті, ізденісті, төзімділікті және жүрек жылуын талап ететін қасиетті жол. Ұстаз шәкіртіне білім беріп қана қоймайды, оның бойына адамгершілік, ізгілік, елжандылық пен еңбекқорлық қасиеттерін сіңіреді. Сондықтан да ұстаз еңбегінің өлшемі – шәкіртінің жетістігі, қоғамға қосқан үлесі. Осындай ұлағатты жолды өмірінің мәніне айналдырып, талай жыл бойы жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан білікті педагог – Баймұхамбетова Гүлнара Қажиманқызы.
Гүлнара Қажиманқызы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, «Ю.Гагарин атындағы №1 Күршім орта мектебі» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Ол 1966 жылы 16 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Сарыөлең ауылында дүниеге келген. 1983 жылы Өскемен қаласындағы педагогикалық институтқа орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1988 жылы тәмамдаған. Ал 1999 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түсіп, 2000 жылы жоғары білім алған. Педагогикалық еңбек жолын 1988 жылы бастап, 1994 жылдан бері «Ю.Гагарин атындағы №1 Күршім орта мектебі» КММ-де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. 2020 жылдан бастап директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, білім беру саласындағы мол тәжірибесімен әріптестеріне де бағыт-бағдар көрсетіп келеді.
«Нағыз ұстаз – өзі ізденуден тоқтаған сәтте емес, шәкірті ізденуден тоқтаған сәтте алаңдайтын жан». Үнемі ізденіс – кәсіби шеберліктің негізі. Қазіргі білім беру жүйесі ұстаздан үздіксіз ізденуді, жаңашылдықты меңгеруді және заман талабына сай жұмыс істеуді талап етеді. Гүлнара Қажиманқызы да кәсіби дамуды басты ұстанымдарының бірі ретінде қалыптастырған. 2021–2022 оқу жылында аудандық жас мамандар семинарында «Оқытудың жаңа технологиясы – жас мамандар мектебінде» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті. 2022–2023 оқу жылында «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған «Іс-әрекетті зерттеу және сабақ зерттеу: білім беру мекемелерінде жүзеге асыру тәжірибесі» тақырыбындағы аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, зерттеу тәжірибесін таныстырды. 2023–2024 оқу жылында да осы бағыттағы ғылыми-тәжірибелік конференцияда зерттеу тәжірибесінің постерлік таныстырылымын қорғады.
Сонымен қатар «Білім берудегі менеджмент. Орта білім беру ұйымы басшысының ұйымдастырушылық-педагогикалық қызметін жобалау және іске асыру» бағыты бойынша 72 академиялық сағат көлеміндегі оқу курсынан өтіп, кәсіби біліктілігін арттырды. Оның ізденісі түрлі республикалық және халықаралық деңгейдегі байқаулар мен конференцияларға қатысуымен де көрінеді. «Лидер педагог – 2021» байқауының жеңімпазы атанып, «Инновациялық педагогикалық идеялар фестивалі» байқауында облыстық кезеңде жүлделі III орын иеленді. «Үздік авторлық бағдарлама – 2019» аудандық байқауында II орынға ие болды. Сондай-ақ «Әл Фараби және Ақжан Әл-Машани мұраларын зерттеу мен зерделеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, қазақ тілі пәнінен «Педстарт» республикалық қашықтық олимпиадасының жүлдегерлерін дайындады.
Ұстаз еңбегінің шынайы бағасы – шәкіртінің жетістігі. Гүлнара Қажиманқызының шәкірттері де түрлі білім додаларында өз қабілеттерін көрсетіп келеді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінде қазақ тілінен Айтқалиева Ақбота – II орын, Мұратбекқызы Ұлту – III орын иеленген. Аудандық деңгейдегі шығармашылық байқауларда да шәкірттері жүлделі орындардан көрініп келеді. 2024–2025 оқу жылында «Сұлу сөз, көркем ой – кемеңгер» атты облыстық байқауда 9-сынып оқушысы Аяулым Бақытбекқызы III орын алып, дипломмен марапатталды. Ал 2025–2026 оқу жылында республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 9-сынып оқушысы Жанерке Нұрланова II орын иеленді. «Абай» жалпы пәндік олимпиадасының республикалық кезеңіне мектептен 13 оқушы қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Бұл – бір ғана ұстаздың емес, шәкірт пен ұстаздың бірлескен еңбегінің жемісі. «Шәкіртінің жеңісі – ұстаздың жүрегіне тағылған ең қымбат марапат».
Ұстаздықтың басты өлшемі – адамға із қалдыру. Баймұхамбетова Гүлнара Қажиманқызы – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, кәсіби білімі мен тәжірибесін ұштастыра білетін, ұжымына сыйлы, әріптестері арасында беделді білікті маман. Ол әріптестерімен әрдайым жақсы қарым-қатынас орнатып, қажет кезде ақыл-кеңесін айтып, қолдау көрсетуге дайын тұрады. Сабырлылығы, парасаттылығы, қарапайымдылығы мен адамгершілік қасиеттері оны ұжым мүшелерінің құрметіне бөлеп келеді. Ұйымдастырушылық қабілеті мен еңбекке деген жауапкершілігінің арқасында мектептің оқу-тәрбие үдерісін жетілдіруге өз үлесін қосып, әріптестеріне бағыт-бағдар беріп келеді. Ұстаздық ұстанымы берік, сөзіне ісі сай, шәкіртінің де, әріптесінің де жетістігіне қуана білетін Гүлнара Қажиманқызы – ұжымның бірлігі мен кәсіби дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген сыйлы жан.
«Ұстаздың ғұмыры шәкірттерінің жүрегінде жалғасады. Оның еңбегі жылдармен емес, тәрбиелеген ұрпағының биігімен өлшенеді». Бүгінде Баймұхамбетова Гүлнара Қажиманқызы білім саласының дамуына зор үлес қосып, өз білімі мен тәжірибесін ұстаздық қызметте тиімді пайдаланып, оқушылар мен жас ұстаздарды кәсіби жетістіктерге жетелеуден жалықпай келе жатқан білікті маман.
Күршім аудандық кәсіподақ ұйымы
Шығыс Қазақстан облысы