КӘСІПОДАҚ ЖҰМЫСЫНЫҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРІ БЕЛГІЛЕНДІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының жаңа оқу жылындағы Атқару комитетінің алғашқы отырысы өтті. Жиында сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұйымның қаржылық-шаруашылық қызметі мен әлеуметтік әріптестікті дамыту, жастар саясатын жетілдіруге қатысты маңызды мәселелер қаралды.
Алқалы жиынға Атқару комитетінің мүшелері, аудандық және Тараз қалалық филиал төрағалары, құқықтық инспекторлар мен есепші-мамандар, облыстық ұйым аппаратының қызметкерлері қатысты. Жиынды облыстық кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, күн тәртібіндегі мәселелердің кәсіподақ жұмысы үшін маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінгі отырыстың күн тәртібіне кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті нығайту, қаржылық тәртіпті қамтамасыз ету сынды бірқатар маңызды мәселе енгізіліп отыр. Барлық сұрақтар кәсіподақ мүшелерінің мүддесімен тікелей байланысты, сондықтан әр мәселені формалды түрде қарамай, оның орындалу нәтижесіне, анықталған кемшіліктерді жоюға және алдағы міндеттерді нақтылауға басымдық беруіміз қажет, – деді Ерұлан Мағзымбеков.
Күн тәртібіне орай алдымен кәсіподақтық еңбек инспекторларының құқықтық қорғау жұмысын ұйымдастыру жағдайы қаралады. Атап айтқанда, Тараз қаласы, Шу ауданы және Біріккен комитет бойынша еңбек инспекторларының қызметі сараланып, кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстары талқыланады.
Тараз қаласы бойынша құқықтық еңбек инспекторы Арман Стыбаев жыл басынан бері кәсіподақ мүшелеріне 944 құқықтық қызмет көрсеткен. 2026 жылғы маусымнан бастап еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістерге байланысты білім беру ұйымдары басшыларының еңбек демалысы кезеңінде олардың міндеттерін атқарған қызметкерлерге қосымша ақы төлеу мәселесі бойынша жұмыс жүргізіліп, Кәсіподақтың хаты негізінде Тараз қаласы білім бөлімінің 11.08.2026 жылғы №1383 бұйрығымен 82 тұлғаға тиісті қосымша ақы төленген.
Шу ауданы бойынша инспектор Елдана Тілеужан 2025 жылғы қараша – 2026 жылғы қыркүйек аралығында ауданның білім беру ұйымдарында еңбек заңнамасының сақталуына 63 тексеру жүргізіліп, 112 заң бұзушылық анықтаған. Тексеру барысында еңбек қатынастарын рәсімдеу, жұмыс және демалыс уақыты, еңбекақы төлеу, әлеуметтік әріптестік және Ұжымдық шарт талаптарын сақтау, еңбек тәртібі, еңбекті қорғау және педагогтерді аттестаттау мәселелері бойынша бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау нәтижесінде 2026 жылғы қаңтар айынан бастап 4 392 374 теңге көлемінде экономикалық тиімділікке қол жеткізілген.
Оның ішінде біліктілік санаты бойынша тиісті төлемдер, сауықтыру жәрдемақысы, қосымша ақылы еңбек демалысы және зейнеткерлік жасқа толуына байланысты өтемақы төлемдерін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілген.
Ал Біріккен комитетте 2026 жылғы 1 қаңтар мен 1 шілде аралығында 18 білім беру ұйымында ҚР еңбек заңнамасының сақталуына жоспарлы тексерулер жүргізілген. Тексеру барысында 94 еңбек заңнамасын бұзу фактісі анықталып, жұмыс берушілерге 18 тоқтам жолданып, олардың барлығына тиісті жауаптар алынған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде кәсіподақ талаптары бойынша заңсыз ұсталған және төленбеген қаражаттың 1 946 102,01 теңгесі кәсіподақ мүшелеріне қайтарылған. Жұмыстың жалпы экономикалық тиімділігі 3 331 102 теңгені құрады.
Атқару комитеті құқықтық инспекторлардың есептерін тыңдап, әрі талқылай келе құқықтық инспекторлардың бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес жүргізетін тексеру-бақылау жұмыстарының толықтығы мен сапасына, сондай-ақ анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы енгізілген ұсыныстардың орындалуына және оларға заңнамада белгіленген мерзімдерде жауаптардың ұсынылуына бақылауды күшейтуді тапсырды.
Алқалы жиын барысында бұдан бөлек Жамбыл аудандық филиалындағы кәсіподақ жарналарының жиналуы, бухгалтерлік есептің жүргізілуі және бақылау-тексеру комиссияларының жұмысы зерделеніп, Кәсіподақ құрылтайшылығындағы «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС-нің 2025 жылғы қаржы-шаруашылық қызметі мен алдағы даму жоспары қаралды. Сонымен бірген кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелерінің жазғы демалысын ұйымдастыру және маусымдық сауықтыру шараларының нәтижелері сараланады.
Жиын барысында Кәсіподақтың алдағы кезеңдегі маңызды бағыттарының бірі – әлеуметтік әріптестік аясында 2027-2029 жылдарға арналған облыстық салалық келісім мен ұжымдық шарттарды қабылдау бойынша келіссөздер жүргізу барысы қаралады. Сондай-ақ, қазан айында өтетін қос бірдей маңызды мерекеге – 10 қазан - Қазақстан кәсіподақтары күні мен Мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылатын іс-шаралардың жоспары бекітіледі.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фото
-