ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛ – ҰЛАҒАТТЫ ЖОЛ
Ұстаз шәкіртінің бойына білім нәрін сеуіп қана қоймай, оның адами болмысының қалыптасуына ықпал ететін, өмір жолына бағыт-бағдар беретін ардақты тұлға. Осындай өнегелі ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқан ұлағатты ұстаздардың бірі – Нұргүл Төлегенқызы.
Нұргүл Төлегенқызы 1974 жылдың 16 қаңтарында Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Басшилі ауылында дүниеге келген. Білімге құштар жас 1981 жылы Знаменск сегіз жылдық мектебінің табалдырығын аттап, 1989 жылы мектепті жақсы үлгеріммен тәмамдайды. Арман қуған талапты жас Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, оны үздік аяқтайды.
Еңбек жолын 1994 жылы Шевченко негізгі мектебінде бастаған Нұргүл Төлегенқызы 2001 жылдан бері Қандыағаш қаласындағы №5 жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, абыройлы қызмет атқарып келеді. Ұстаздық жолда талай шәкірттің қанатын қатайтып, білімге деген құштарлығын оятып, биік белестерге жетелеп келеді.
Ұстаз еңбегінің ең үлкен жемісі – шәкіртінің жетістігі. Бұл тұрғыдан алғанда, Нұргүл Төлегенқызының еңбегі елеулі. Оның шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі білім додаларында жүлделі орындардан көрініп жүр.
Атап айтқанда, Ангелина Шавловская облыстық пән олимпиадасында ІІ орын иеленсе, Ислам Иманалиев облыстық «Жарқын болашақ» пән олимпиадасында ІІ орынға ие болды. Ал, республикалық «Абай» олимпиадасында Айзат Ахметова, Кәусар Жетпісбай және Данил Забродин І орындарды қанжығалады. Сондай-ақ, республикалық «Асыл қазына» олимпиадасында Анна Фарвазова мен Искандер Айсұлтанов І орынға ие болып, ұстаз еңбегінің жемісін еселеді.
Шәкірттерінің білім бәйгелеріндегі биік нәтижелері – Нұргүл Төлегенқызының кәсіби шеберлігінің, ізденімпаздығының және шәкірт жүрегіне жол таба білетін ұстаздық қасиетінің жарқын дәлелі.
Еңбегі еленген ұстаз аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Бұл – оның білім беру саласына сіңірген қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға.
Ұстаздық – төзімділікті, ізденісті, мейірімділікті және үлкен жауапкершілікті талап ететін қасиетті жол. Нұргүл Төлегенқызы осы жолда шәкірттеріне білім беріп қана қоймай, олардың бойына елге деген сүйіспеншілік, адамгершілік пен еңбекқорлық қасиеттерін сіңіріп келеді.
Нұргүл Төлегенқызының саналы ғұмыры мен мағыналы еңбек жолы – ұстаздыққа адалдықтың, шәкірт болашағына деген жанашырлықтың жарқын үлгісі. Оның еселі еңбегі мен шәкірттерінің жетістігі - ел ертеңіне қосылған өлшеусіз үлес.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-