ЗАҢСЫЗ ЖҰМЫСТАН БОСАТУ ФАКТІСІ АНЫҚТАЛДЫ
Еңбек адамының құқығы бұзылған сәтте кәсіподақтың міндеті – мәселені сырттай бақылап қана қою емес, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету үшін нақты әрекет ету. Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының құқықтық бағыттағы жұмысының кезекті нәтижесі Сарыағаш ауданында орын алған еңбек дауына қатысты болды. Кәсіподақ мүшесінің өтініші негізінде Мемлекеттік еңбек инспекциясы тексеру жүргізіп, жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамасының бірқатар талаптары бұзылғанын анықтады.
Мәселе Сарыағаш ауданындағы №66 мектеп директоры Мұхаметжан Қалмұратовтың еңбек құқықтарына қатысты туындаған. Құжаттарға сәйкес, ол 2026 жылғы 1 шілде мен 27 тамыз аралығында кезекті ақы төленетін еңбек демалысына жіберілген. Алайда мекеме басшысының 2026 жылғы 7 шілдедегі №437-ӘК бұйрығымен оның еңбек демалысына қатысты бұйрықтың күші тоқтатылған. Ал 10 шілдеде №56-жқ бұйрығымен мектеп директоры жұмыстан босатылған.
Осы әрекеттердің заңдылығына байланысты кәсіподақ мүшесі өз құқығын қорғау үшін тиісті органдарға жүгінген. Тексеру барысында ең маңызды заң бұзушылықтардың бірі анықталды: жұмыскердің еңбек демалысы заң талаптарына сәйкес үзілмеген. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 95-бабының 1-тармағына сәйкес, жұмыс беруші өндірістік қажеттілік жағдайында жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын жұмыскердің жазбаша келісімімен ғана үзе алады.
Сонымен қатар, еңбек инспекциясы жұмыс берушінің 7 шілдедегі бұйрығында қызметкердің демалыстан нақты шақырылуы және жұмысқа кірісу мәселелері тиісті түрде реттелмегенін көрсетті. Демек, Қалмұратов 1 шілде - 27 тамыз аралығындағы еңбек демалысында болып саналатыны анықталған. Бұдан бөлек, жұмыс берушінің қызметкерді жұмыстан босату кезінде сүйенген
Еңбек кодексінің 49-бабының 3-тармағының өзі заңда көзделмегені тексеру барысында көрсетілді. Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзудың нақты негіздері Кодекстің 52-бабында белгіленген. Ал Кодекстің 54-бабына сәйкес, заңда көзделген жекелеген жағдайларды қоспағанда, жұмыскердің демалыста жүрген кезеңінде жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға жол берілмейді.
Осыған байланысты 10 шілдедегі №56-жқ бұйрығының еңбек заңнамасының талаптарына қайшы екені анықталып, оны жарамсыз деп тануға және қолданбауға жататыны көрсетілді.
Ең маңыздысы – кәсіподақ мүшесінің құқығы қорғалуы тиіс болған тағы бір талап сақталмаған. 2024–2026 жылдарға арналған Салалық әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің 4.18-тармағына және ұжымдық шарт талаптарына сәйкес, кәсіподақ мүшесімен еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу кезінде бастауыш кәсіподақ ұйымының кәсіподақ комитетінің дәлелді пікірін алдын ала алу міндетті.
Кәсіподақ мүшесі болып табылатын оқу-ағарту саласы ұйымының басшысымен еңбек шарты бұзылатын жағдайда еңбек шартын бұзу құқығы берілген жоғары тұрған басшы дәлелді пікір алу үшін қарамағындағы еңбек ұжымында құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымы бар аумақтық кәсіподақ ұйымының атқарушы кәсіподақ органына жүгінуге міндетті.
Алайда тексеру кезінде мұндай пікірдің алынбағаны анықталды. Бұл – әлеуметтік әріптестік қағидаттарын және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 12 және 23-баптарында көзделген жұмыс берушінің міндеттерін бұзу болып табылады. Нәтижесінде мекеме басшысының атына заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Бұл жағдай – кәсіподақ мүшесінің құқығы бұзылған кезде кәсіподақтың құқықтық қорғауы нақты нәтижеге бағытталатынының айқын дәлелі. Кәсіподақ үшін әрбір еңбек дауы – жай ғана құжат немесе шағым емес, оның артында тұрған адамның тағдыры, еңбегі мен кәсіби абыройы. Еңбек заңнамасы бәріне ортақ. Сондықтан кәсіподақ әрбір мүшесінің заңды мүддесін қорғау жолында тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, заң талаптарының орындалуын талап ете береді. Еңбек адамы жалғыз емес. Құқығы бұзылса – кәсіподақ қасында!
Түркістан облыстық ұйымы