ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗЫ
Ұлттық өнер – халықтың тарихы мен дүниетанымын танытатын рухани қазына. Оны кейінгі ұрпаққа жеткізуде өнерді үйретіп қана қоймай, оның мәнін бала жүрегіне сіңіре білетін ұстаздың орны ерекше. Осындай ұстаздардың бірі – Жүнісов Қанатбек Саматұлы.
Қанатбек Жүнісов бүгінде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Мамыр негізгі орта мектебінде көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Сонымен қатар мектеп жанындағы көркемсурет филиалына жетекшілік етіп, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға үлес қосып келеді.
Ұстаздың шығармашылық еңбегі кәсіби ортада да бағаланып келеді. 2023 жылы оның туындылары кәсіби суретшілер, көркем еңбек және қосымша білім беру педагогтарының шығармашылық жұмыстарынан құралған «Алтын тұмар» республикалық жинағына енгізілді. Сол жылы Еуразиялық дизайнерлер одағы мен Қазақстан этнодизайнерлер одағының мүшелігіне қабылданды.
Білім беру саласындағы нәтижелі еңбегі мен жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін Қанатбек Жүнісов Ақтөбе облысының білім басқармасы және Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Алғыс хаттармен марапатталған.
Ұстаз еңбегінің басты бағасы – шәкіртінің жетістігі. Қанатбек Жүнісов жетекшілік ететін жас өнерпаздар түрлі шығармашылық байқауларда нәтижелі өнер көрсетіп жүр.
Қанатбек Жүнісовтің ұстаздық жолындағы басты ұстанымы – ұлттық өнерді сөзбен ғана емес, шәкіртінің қолымен жаңғырту. Оның еңбегі мен шәкірттерінің жетістігі – осы бағыттағы ізденістің нақты нәтижесі.
Қорыта айтқанда, өнерді дәріптеп, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін шыңдап жүрген, өз ісіне берілгенжәне ұлттық құндылықтарды шәкірт бойына сіңіріп жүрген білікті ұстаз.
-
Фото
-