ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ – КӘСІПОДАҚ ЖҰМЫСЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ
Кәсіподақ мүшесінің еңбек құқығын қорғау – жай ғана кеңес берумен шектелмейтін, нақты қолдауды қажет ететін маңызды бағыт. Осы ретте Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы өз мүшелеріне құқықтық көмек көрсетуді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Облыстық кәсіподақ ұйымының өкілдері кәсіподақ мүшелерімен тұрақты байланыста болып, туындаған еңбек мәселелері бойынша онлайн және офлайн форматта кеңес береді. Ұйым мамандары еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіріп қана қоймай, мәселенің заң аясында шешілуіне ықпал етеді.
Кәсіподаққа келіп түсетін өтініштердің мазмұны да әр алуан. Атап айтқанда, салалық және облыстық келісімдердің талаптарын қолдану, ұжымдық шарттардың орындалуы, уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін атқару, еңбек демалысын беру, лауазымдық міндеттер, еңбекақы төлеу және басқа да еңбек қатынастарына қатысты мәселелер бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Туындаған еңбек мәселесі бойынша кәсіподақ мүшелері білікті заңгерлерден кеңес алып, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қажетті қолдауға жүгіне алады. Кәсіподақ мамандары еңбек заңнамасындағы өзгерістерді үнемі назарда ұстап, өзекті мәселелер бойынша қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Кәсіподақ мүшелеріне құқықтық кеңес беру және еңбек қатынастарына байланысты мәселелерді шешуге қолдау көрсету – ұйым жұмысының тұрақты бағыттарының бірі. Бұл ретте әрбір өтініш қолданыстағы заң талаптары негізінде қарастырылады. Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерінің өтініштері бойынша жеке деректер мен аты-жөндері құпиялылық қағидаттары мен заң талаптарына сәйкес жарияланбайды.