ЕҢБЕК АДАМЫ
Математика ұстазы – оқушыға есеп шығаруды ғана үйрететін маман емес. Ол дәлдікке, жүйелі ойлауға, жауапкершілікке баулитын тұлға. Бұл қасиеттерді өзінің көп жылғы педагогикалық тәжірибесімен ұштастырып келе жатқан темірлік ұстаздардың бірі – Қибашова Ғалия Ғалымжанқызы. Ол еңбек жолының қырық жылдан астам уақытын білім беру саласына арнап, мұғалімдікпен қатар мектептің оқу-тәрбие жұмысына, педагогикалық-психологиялық қызметіне де үлес қосты.
Ғалия Қибашева 1965 жылы 2 қаңтарда Ақтөбе облысы Алтықарасу ауылында дүниеге келген. Отбасындағы жеті баланың үлкені. 1971 жылы Алтықарасу орта мектебінің 1-сыныбына қабылданып, 1981 жылы осы мектепті аяқтады.
Мектеп қабырғасында жүрген кезінен білімге жауапкершілікпен қарап, математика пәніне қызығушылық танытты. Мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, ұстаздарының сеніміне ие болды. Мектепті тәмамдаған жылы Ақтөбе педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға түсіп, 1985 жылы математика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты.
Сол жылы еңбек жолын өзі білім алған Алтықарасу орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастады. 1986–1990 жылдары мектептің бастауыш комсомол ұйымының хатшысы қызметін атқарып, жастарға арналған мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыруға қатысты.
1990-1994 жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1994–2001 жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Бұл жылдары мектептің тәрбие және оқу жұмыстарын ұйымдастыруға жауапты қызметтерді атқарып, басқару саласында да тәжірибе жинақтады.
2005 жылы кәсіби білімін толықтыру мақсатында Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына қайта оқуға түсіп, 2008 жылы педагог-психолог мамандығы бойынша екінші жоғары білім алды. 2005–2022 жылдары мектепте педагог-психолог болып қызмет атқарып, оқушылармен психологиялық-педагогикалық бағытта жұмыс жүргізді. 2022 жылдан бастап математика пәнінің мұғалімі ретінде еңбек жолын жалғастырып келеді.
Ғалия Қибашеваның кәсіби өмірінде кітаптың да орны ерекше. Ол көркем және танымдық әдебиеттерді тұрақты оқып, оқушылардың кітапқа қызығушылығын арттыруға көңіл бөледі.
Еңбегі мен кәсіби белсенділігі бірнеше рет атап өтілді. 2021 жылы Ақтөбе облысының білім басқармасының Алғыс хатымен, 2022 жылы Темір аудандық білім қызметкерлері кәсіполақ ұйымының Алғыс хатымен марапатталды. 2024 жылы Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің республикалық кәсіподағының Алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар республикалық және облыстық пәндік олимпиадалардың І және ІІ дәрежелі дипломдарының иегері.
Қибашова Ғалия Ғалымжанқызының еңбек жолы білім беру саласындағы түрлі қызметтермен тығыз байланысты. Мұғалім, директордың орынбасары, педагог-психолог қызметтерін атқарып, бүгінде қайтадан математика пәнінен сабақ беріп келеді. Бір мектепте қалыптасқан осы ұзақ кәсіби жол – оның ұстаздық тәжірибесінің басты көрсеткіштерінің бірі.