АДАЛ ЕҢБЕК – АБЫРОЙ БИІГІ
СҚО Ақжар ауданы Алқатерек орта мектебінің «Қарлығаш» шағын орталығында 13 жыл бойы табанды еңбек етіп келе жатқан аспазшы Досжанова Гүлнар Домбайқызы.
Гүлнар апай – ұжымның мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатып жүрген ардақты жан.
Балғындардың денсаулығы мен дұрыс тамақтануын басты назарда ұстайтын ол өз кәсібіне ерекше жауапкершілікпен қарайды. Әр тағамды аналық мейіріммен әзірлеп, ас мәзірінің құнарлылығы мен сапасына айрықша мән береді. Дәмі тіл үйіретін, нәрлі де пайдалы ас дайындап қана қоймай, балалардың дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға да зор үлес қосып келеді.
Бүлдіршіндердің «Гүлнар апайдың тамағы өте дәмді!» деген шынайы ықыласы – оның адал еңбегіне берілген ең үлкен баға.
Осы жылдар ішінде Гүлнар апай өзін ұқыптылығымен, тазалыққа деген тиянақты көзқарасымен, еңбекқорлығы және кәсіби шеберлігімен танытты. Әріптестері арасында сыйлы, мінезі жайдары, жүрегі кең, әрдайым қол ұшын созуға дайын жан ретінде құрметке ие.
Ұжымдық іс-шараларда, мерекелік дастарқан әзірлеуде де белсенділік танытып, ортақ іске жанашырлықпен атсалысып келеді.
Гүлнар апайдың еңбегі жай ғана ас дайындау емес, бұл – бала жүрегіне жол табатын қамқорлық пен мейірімнің, шынайы ықыластың көрінісі. Оның алтын қолынан шыққан әр тағамда жылулық пен ізгі ниет бар.
Осындай адал еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін Гүлнар апай әрдайым құрмет пен алғысқа лайық. Алдағы уақытта да зор денсаулық, шаңырағына шаттық пен береке, еңбегіне толайым табыс тілейміз.
Солтүстік Қазақстан облыстық ұйымы