ІЗДЕНІМПАЗ ҰСТАЗ
Жастық жалын мен ізденісті ұштастыра білген жас мамандар – білім саласының болашағы. Осындай өз ісіне жауапкершілікпен қарап, еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігінің арқасында шәкірт тәрбиесіне үлес қосып жүрген жас педагогтардың бірі – Маханбетжанова Анар Маралқызы.
Жас маман ретінде қызметінің алғашқы күнінен-ақ білім сапасын арттыруға, шәкірттердің жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Қазіргі таңда №76 негізгі мектепте педагог-сарапшы санатындағы биология пәнінің мұғалімі және мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Өз ісіне деген адалдығы, жаңашыл көзқарасы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ұжымның сеніміне ие болды.
Педагогикалық қызметінде заманауи оқыту әдістерін тиімді қолданып, оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыруға ерекше мән береді. Оның шәкірттері аудандық және облыстық білім сайыстарында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, мектеп мерейін үстем етіп келеді. Ал өзі кәсіби байқауларға белсене қатысып, үздік нәтижелерімен танылып жүр.
Анар Маралқызы – үздіксіз ізденісті өмірлік ұстанымына айналдырған, кәсіби дамуды басты мақсат еткен жас педагог. Ол әр сабағында оқушының жеке қабілетін дамытуға, сыни ойлауын қалыптастыруға және білімді өмірмен байланыстыра білуіне басымдық береді.
Жастар – елдің интеллектуалдық әлеуеті мен жарқын болашағы. Осындай білімді, талапты, еңбекқор жас ұстаздардың табысты еңбегі білім беру саласының дамуына тың серпін беріп, келешек ұрпақтың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына қызмет ете беретіні сөзсіз.
Қызылорда облыстық ұйымы