ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПЕН ШЕБЕРЛІКТІ ҰШТАСТЫРҒАН ҰСТАЗ
Жастар – елдің қозғаушы күші, мемлекеттің жарқын болашағы. Қай салада болмасын ізденісімен, жаңашылдығымен және кәсіби біліктілігімен ерекшеленетін жас мамандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Бүгінгі «Жас келсе – іске» айдарының кейіпкері – көркем еңбек пәнінің мұғалімі, шығармашыл педагог Бекбаулов Нұрсұлтан Аманжолұлы.
Ұстаз үшін ең басты талап – үздіксіз ізденіс. Осы ұстанымды берік ұстанған Нұрсұлтан Аманжолұлы аудандық және облыстық деңгейдегі семинарларда озық іс-тәжірибесімен бөлісіп, кәсіби шеберлігін бірнеше мәрте дәлелдеді. Оның еңбегі білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін түрлі деңгейдегі Алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
2024 жылы өткен «Үздік көркем еңбек пәні мұғалімі – 2024» аудандық байқауында ІІІ орын иеленсе, 2025 жылы ұйымдастырылған «SMART КӨРКЕМ ЕҢБЕК – 2025» аудандық байқауында ІІ орын алып, кәсіби біліктілігін тағы бір мәрте көрсетті.
Бекбаулов Нұрсұлтан Аманжолұлының ең үлкен жетістігі – шәкірттерінің табысы. Ол оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, өнертапқыштыққа, техникалық модельдеуге және сәндік-қолданбалы өнерге қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Соның нәтижесінде оның тәрбиелеген шәкірттері аудандық, облыстық және республикалық байқауларда тұрақты түрде жүлделі орындарды иеленіп келеді.
Әсіресе соңғы жылдары оқушысы Кенжехан Дидардың жетістіктері ерекше назар аудартады. Ол «Алтын қазына», «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам», техникалық шығармашылық және «Авиамоделизм-2025» секілді байқауларда аудандық, облыстық кезеңдерде жүлделі орындарға ие болып, мектеп мерейін үстем етті. Сонымен қатар ұстаздың жетекшілігімен көптеген оқушылар сурет, техникалық шығармашылық, ағаш өңдеу, сәндік-қолданбалы өнер және өнертапқыштық бағытындағы байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Нұрсұлтан Аманжолұлы сабақты тек білім беру үдерісі ретінде ғана емес, оқушылардың шығармашылық ойлауын, еңбекке деген сүйіспеншілігін, ұлттық құндылықтарға құрметін қалыптастыратын маңызды орта деп біледі. Әр шәкірттің қабілетін ашып, олардың өз күшіне сенімін арттыру – оның басты ұстанымы.
Жаңашылдыққа ұмтылатын, кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отыратын жас ұстаз әріптестері арасында іскерлігімен, жауапкершілігімен және еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Ол білім мен тәрбиені қатар ұштастырып, шығармашыл, ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келеді.
«Жас келсе – іске» деген халық нақылы дәл осындай жалынды жас мамандарға арналғандай. Бекбаулов Нұрсұлтан Аманжолұлының қажырлы еңбегі, шығармашылық ізденісі мен шәкірттерінің жарқын жетістіктері – оның кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі. Осындай жас ұстаздардың еңбегі арқылы білім саласы дамып, ел ертеңі болатын жас ұрпақтың болашағы жарқын болмақ.
Қызылорда облыстық ұйымы