БІЛІМ КӨШІН БАСТАҒАН ЖАС ҰСТАЗ
Елдің ертеңі – білімді ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақтың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына бағыт-бағдар беретін тұлға – ұстаз. Бүгінгі «Жас келсе – іске» айдарының кейіпкері – өз ісіне адал, жаңашылдыққа ұмтылған, математика пәнінің жас әрі білікті мұғалімі Жадан Сәлімжан Абайұлы.
Жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған жас маман 2022 жылы өзі түлеп ұшқан білім ордасы – Бердікен Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназиясына математика пәнінің мұғалімі болып қабылданды. Бүгінде осы мектепте жас ұрпаққа сапалы білім беріп, шәкірттерінің ғылымға деген қызығушылығын арттыру жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Сәлімжан Абайұлы – заман талабына сай білім беру технологияларын еркін меңгерген, әр сабағын ізденіспен ұйымдастыратын жаңашыл ұстаз. Ол оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға, математиканы өмірмен байланыстыра оқытуға ерекше мән береді. Әр шәкірттің қабілетін танып, оны дамытуға бағытталған еңбегі әріптестері мен ата-аналардың жоғары бағасына ие.
Тұрақты ізденіс пен нәтижелі еңбектің арқасында аудандық және облыстық деңгейдегі кәсіби байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Ал оның ең үлкен жетістігі – білімді де талапты шәкірттері. Олар аудандық, облыстық және республикалық білім бәйгелерінде мектеп намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Жас болса да жауапкершілігі жоғары, еңбекқор әрі кәсібіне берілген Сәлімжан Абайұлы әрдайым білімін жетілдіріп, педагогикалық шеберлігін шыңдауға ұмтылады. Ол – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты мұрат еткен, өз ісіне адал ұстаз.
«Жас келсе – іске» деген халық даналығы дәл осындай талапты жастарға арналғандай. Сәлімжан Абайұлының бүгінгі еңбегі мен жетістігі – ертеңгі үлкен белестердің бастауы. Осындай білімді, білікті, ел болашағына жанашыр жас мамандар көбейген сайын еліміздің білім саласы жаңа жетістіктерге жетіп, келешегіміз кемел болары сөзсіз.
Қызылорда облыстық ұйымы