КҮШТІ БАСТАУЫШ ҰЙЫМ: №17 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕП – КӘСІПОДАҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРЫНДА
«Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпыкәсіподақтық төрт айлық ақпараттық науқаны аясында Қостанай облысындағы үздік бастауыш кәсіподақ ұйымдары туралы жарияланымдар топтамасын бастаймыз. Алдағы төрт ай бойы кәсіподақ қозғалысын нығайтуға ықпал етіп жүрген үздік тәжірибелермен, қызықты бастамалармен, тиімді жобалармен және озық іс-тәжірибелермен бөлісетін боламыз.
Бүгін назарымыз Қостанай қаласындағы №17 жалпы білім беретін мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымына аударылады.
Мұнда күшті бастауыш ұйым – әрбір қызметкердің еңбек құқықтарын нақты қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және ұжымда қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру екенін іс жүзінде дәлелдеп келеді. Кәсіподақ комитеті мен мектеп әкімшілігінің тығыз ынтымақтастығының арқасында әрбір қызметкер өзін сенімді қолдау мен қорғауда сезінетін ерекше орта қалыптасқан.
№17 мектеп ұжымы жоғары құқықтық мәдениетімен және белсенділігімен ерекшеленеді. Ұжым мүшелері қалалық және облыстық кәсіби байқаулардың, спорттық жарыстардың, қайырымдылық акцияларының тұрақты қатысушылары әрі жүлдегерлері. Дамыған корпоративтік мәдениет педагогтердің нәтижелі еңбек етіп қана қоймай, бос уақыттарын да мазмұнды әрі жарқын өткізуіне мүмкіндік береді.
Бастауыш ұйым қызметінде педагогика саласының ардагерлеріне қамқорлық жасау мен жас мамандарды қолдау ерекше орын алады. №17 мектептің кәсіподақ белсенділері әріптестерін кәсіби және тұлғалық дамуға шебер ынталандырып келеді. Соның арқасында бұл ұйым Қостанай облыстық кәсіподақ ұйымындағы үздіктердің бірі саналады.
№17 мектептің әкімшілігі мен кәсіподақ комитетіне ынтымақ пен бірлік қағидаттарына адалдығы, сондай-ақ жасампаздыққа толы қажырлы еңбегі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз! Бастауыш кәсіподақ ұйымына толағай табыс, жаңа жетістіктер және сарқылмас шабыт тілейміз! Сіздер – біздің мақтанышымыз!
-
Фото
-