ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНА ҚЫЗМЕТ
Қоғамның дамуы мен ел болашағының жарқын болуы – білімді ұрпақ тәрбиелеуге байланысты. Ал сол ұрпақты тәрбиелеп, саналы азамат етіп қалыптастыратын тұлға – ұстаз. Ұстаздық жолды өмірлік мұратына айналдырып, шәкірт жүрегіне білім мен тәрбие нәрін сеуіп келе жатқан тәжірибелі педагогтердің бірі – Орынбаева Балагүл Аманкелдіқызы.
Еңбек жолын 1996 жылы Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №170 қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастап, содан бері бір білім ордасында үздіксіз еңбек етіп келеді. Бүгінде педагог-зерттеуші санатындағы ұстаздың педагогикалық еңбек өтілі 30 жылға жуықтады.
Балагүл Аманкелдіқызы өз ісіне адалдығы, кәсіби шеберлігі және жаңашыл ізденісі арқылы шәкірттерінің сапалы білім алуына үлкен үлес қосып келеді. Оның жетекшілігімен білім алған оқушылар түрлі деңгейдегі пән олимпиадалары мен байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Атап айтқанда, Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиада мен ауыл олимпиадасында шәкірті Жеңісбек Гүлназ І орын иеленсе, Бижан Нұрайым республикалық «Мәшһүр оқулары» байқауында ІІІ орынға ие болды.
Сондай-ақ Қызылорда облыстық «Шамшырақ» оқу орталығы ұйымдастырған «Балаға ақыл айтпа, тұлға таныт» атты кітап оқу сайысында шәкірті Жеңісбек Гүлназ үздік нәтиже көрсетіп, 1 миллион 600 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты жеңіп алды. Республикалық «Абай оқулары» байқауында да оның шәкірттері жеңіс тұғырынан көрініп келеді.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген халық даналығының мәнін Балагүл Аманкелдіқызының еңбек жолынан анық байқауға болады. Ұстаз жыл сайын мектеп түлектерін Ұлттық бірыңғай тестілеуге сапалы дайындап, көптеген шәкірттерінің мемлекеттік білім грантын иеленуіне ықпал етті. Бүгінде оның тәлімін алған шәкірттердің бірқатары өзі еңбек етіп жүрген білім саласында әріптес ретінде қызмет атқаруда.
Ұзақ жылғы жемісті еңбегі мен кәсіби жетістіктері үшін Балагүл Аманкелдіқызы аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі көптеген марапаттарға ие болған. Бұл – ұстаз еңбегінің бағалануы мен кәсіби беделінің айқын көрінісі.
Ұстаз – қоғамның рухани тірегі, ел болашағын қалыптастыратын ұлы мамандық иесі. Сондықтан да білім мен тәрбие жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарды құрметтеу – әр азаматтың парызы. Осындай абзал жандардың қатарында Орынбаева Балагүл Аманкелдіқызының есімі ерекше құрметпен аталады.
Оның саналы ғұмыры мен қажырлы еңбегі жас ұрпаққа үлгі болып, білім саласының дамуына қызмет ете бермек.
Қызылорда облыстық ұйымы