ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Қай салада болмасын табысты еңбек ету үшін кәсібіне деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік қажет. Осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, білім беру саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан білікті мамандардың бірі – Қарағұлова Ақнұр Тоқашқызы.
Ақнұр Қарағұлова - 1981 жылдың 15 қыркүйегінде Ақтөбе облысы Октябрь ауданының Восток ауылында дүниеге келген. Ұстаздық жолын 2002–2003 оқу жылында мұғалім қызметінен бастап, осы уақытқа дейін білім беру саласында 24 жылдан астам еңбек етіп келеді.
Еңбек жолында түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарған тәжірибелі педагог 2005–2008 жылдары оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары, 2008–2009 жылдары аудандық білім бөлімінің әдіскері, 2009–2012 жылдары тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Ал, 2012–2019 жылдар аралығында Жамбыл мектеп-балабақшасында әдіскер болып еңбек етсе, 2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарып келеді.
Ақнұр Қарағұлова – өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, кәсіби біліктілігі мол маман. Әріптестері арасында беделі жоғары, оқушылармен тіл табыса білетін, адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленетін ұстаз ретінде құрметке ие.
Көпжылдық қажырлы еңбегі мен білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі елеусіз қалған жоқ. 2020 жылы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталса, 2021 жылы аудандық кәсіподақ ұйымының Алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталуы – оның ұстаздық еңбегіне берілген жоғары баға.
Ұстаздықты өмірлік мұратына айналдырған Ақнұр Қарағұлова өз кәсібінің нағыз шебері ретінде жас ұрпақтың сапалы білім алып, саналы тәрбие алуына аянбай еңбек етіп келеді. Оның өнегелі жолы мен кәсіби тәжірибесі кейінгі буын педагогтарға әрдайым үлгі-өнеге болып қала береді.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-