ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІКТІҢ АЙҚЫН ҮЛГІСІ
Кәсіподақ ұйымының ең басты құндылығы, қозғаушы күші әрі баға жетпес байлығы – оның қатарындағы адал, білікті және қоғамда жоғары беделге ие мүшелері. Ұйымның бастамаларын әрдайым үлкен жауапкершілікпен қолдап, бірлескен әлеуметтік жобаларға белсене атсалысып келе жатқан сондай бірегей тұлғалардың бірі – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Ирина Владимировна Ровнякова.
Ирина Владимировна – педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, қауымдастырылған профессор және педагогика ғылымдарының кандидаты. Ол көптеген жылдар бойы отандық білім беру саласын дамытуға ғана емес, сонымен бірге кәсіподақ қозғалысының аясын кеңейтіп, оның шынайы жанашыры болуға барынша күш-жігерін жұмсап келеді.
Ұлағатты ұстаз, белгілі ғалым Ирина Владимировна Ровнякованың 60 жылдық мерейтойына орай, Шығыс Қазақстан университетінің қабырғасында ауқымды халықаралық ғылыми-білім беру конференциясы ұйымдастырылды. «EDU SHIFT: адаптивті технологиялар, болашақ құзыреттері және тұрақты тәжірибелер» деп аталатын бұл келісімді шара заманауи білім беру жүйесінің ең өзекті мәселелерін талқылауға арналды.
Шараға Шығыс Қазақстан облысы оқу-ағарту, жоғары білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ өкілі қатысып, мерейтой иесін айтулы күнімен құттықтады. Ирина Владимировна әлеуметтік әріптестік аясында кәсіподақ ұйымымен тығыз жұмыс істеп, университеттің ұжымдық шартын жетілдіруге және оқытушылардың еңбек құқықтарын қорғауға баға жетпес үлес қосып келеді.
Университет ұжымының әлеуметтік тұрақтылығын сақтаудағы қажырлы еңбегі, кәсіподақ қозғалысына қосқан елеулі үлесі үшін облыстық кәсіподақ ұйымы Ирина Владимировнаға шексіз алғыс білдірді. Осы орайда, мерейтой иесінің денсаулығын нығайтып, серпіліп қайтуы мақсатында кәсіподақ атынан еліміздің үздік сауықтыру орындарының бірі – «Көктем» шипажайына жолдама салтанатты түрде табыс етілді.
Ирина Владимировнаға сарқылмас қуат, шығармашылық табыс және ғылым мен білім жолындағы ізгі қызметіне жетістіктер тілейміз!
Өткізілген халықаралық конференция кәсіби тәжірибе алмасудың, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтудың тиімді алаңына айналып, білім беру саласын одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды бастамаларға жол ашты.
Шығыс Қазақстан облыстық ұйымы
-
Фото
-