БАСТАУЫШ ҰЙЫМ ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ
Қызылорда облыстық кәсіподақ ұйымы кәсіподақ қозғалысының дамуына сүбелі үлес қосып, сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда белсенділік танытып жүрген бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларына ерекше құрмет көрсетілді.
Кәсіподақтар федерациясының атынан Аумақтық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Марат Серікбайұлы Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі мен Қызылорда қаласындағы №217 мектеп-лицейінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларына «Жаңақорған» шипажайына 10 күндік тегін емдік-сауықтыру жолдамаларын табыстады.
Сондай-ақ, Қызылорда облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы қоғамдық жұмыстардағы белсенділігімен лайықты деп танылған 12 бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасына Алматы облысының көрікті табиғат аясындағы үш күндік туристік-танымдық сапарға жолдамалар сыйға берілді.
Бұл – кәсіподақ белсенділерінің адал еңбегі мен жанашыр қызметіне білдірілген алғыс пен құрметтің айқын көрінісі. Осындай қолдау игі істерге жігер беріп, кәсіподақ қозғалысының беделін арттыра түсетіні сөзсіз.
Еңбегі еленген әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс және кәсіподақ жолындағы игі бастамаларыңызға жаңа серпін тілейміз!
Қызылорда облыстық ұйымы
-
Фото
-