ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз – білім беріп қана қоймай, оқушының қабілетін дамытуға ықпал ететін маман. Осындай ұстаздардың бірі – Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Ақкемер селосындағы Жамбыл орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қадырова Бибігүл Аманжолқызы.
Бибігүл Қадырова 1976 жылы 25 ақпанда Ойыл селосында дүниеге келген. 1983 жылы Ойыл орыс мектебінің 1-сыныбына қабылданып, 1993 жылы осы мектепті бітірді. 1995 жылдан бастап Ақкемер селосындағы Жамбыл орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Содан бері осы білім ордасында ұстаздық қызмет атқарып келеді.
1999 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық университетіне сырттай оқуға түсіп, 2004 жылы филология факультетінің орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бітірді. Қазіргі таңда біліктілігі мен тәжірибесін ұштастырған зерттеуші санатындағы педагог.
Ұстаз өз жұмысында оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және білім сапасын көтеруге бағытталған жұмыстар жүргізеді. 1996 жылдан бері сынып жетекші қызметін атқарып, бірнеше буын оқушыға жетекшілік жасады. Сонымен қатар, отбасында бес бала тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп отырған ана.
Бибігүл Қадырованың кәсіби жетістіктері қатарында 2024 жылғы облыстық пәндік олимпиададағы І дәрежелі дипломы, 2025 жылғы ІІ дәрежелі дипломы бар. Сондай-ақ, аудандық «Лучший авторский диктант» байқауында 2024 және 2025 жылдары ІІ орын иеленді. «Методического мастерства» (үздік КСП) конкурсында 2024–2025 жылдары ІІІ орын алды. 2025 жылы «Казахстан в строках судьбы» облыстық байқауында алғыс хатпен марапатталды. 2026 жылы қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша облыстық педагогикалық олимпиадада ІІ дәрежелі диплом иегері атанды.
Ұстаз еңбегінің нәтижесі – шәкірт жетістігі. Бибігүл Қадырованың оқушылары түрлі байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, жақсы нәтижелер көрсетіп келеді.
Қадырова Бибігүл Аманжолқызы – өз пәнін жетік меңгерген, тәжірибесі мол ұстаз. Ол оқушыларға білім беріп қана қоймай, олардың ізденуіне, өз қабілеттерін дамытуына бағыт-бағдар беріп келеді.