ҚАУІПСІЗ ЕҢБЕК – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ
Мен, Ахметов Суиеніш Қалбайұлы 2023 жылдан бастап Жамбыл облысы, Шу ауданы, Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор қызметін атқарып келемін. Техникалық инспектор ретінде кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізіп, олардың қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайларында жұмыс істеуіне ықпал етемін. Сонымен қатар еңбек заңнамасы мен еңбекті қорғау талаптарының орындалуын қадағалауға қатысып, қызметкерлерге құқықтық және әдістемелік көмек көрсетемін.
Өз қызметімде қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлемін. Жеке және ұжымдық еңбек дауларын қарау кезінде келісу комиссиясының жұмысына қатысып, өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік ауруларды тексеруге атсалысамын. Жұмыс орындарына мониторинг жүргізіп, қауіпсіздік талаптарының сақталуын, ұжымдық шарт міндеттемелерінің орындалуын және жеке қорғаныс құралдарының дұрыс пайдаланылуын бақылаймын.
2026 жылғы 3 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуге, еңбек қауіпсіздігін арттыруға және әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл заң Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының белсенді қатысуымен әзірленіп, қабылданды. Осыған байланысты барлық техникалық инспекторлардың атынан еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға зор үлес қосып келе жатқан Кәсіподақтар федерациясына және кәсіподақ ұйымдарына шынайы алғысымды білдіремін.
Заңдағы маңызды өзгерістердің бірі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесі мен өкілеттіктерінің Еңбек кодексінде нақты бекітілуі болды. Енді техникалық инспекторларға жұмыс берушіден қажетті ақпарат сұратуға, өндірістік нысандарға баруға, жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруге қатысуға, ішкі бақылау жүргізуге, еңбек жағдайларын жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізуге және ұйымның ішкі құжаттарын әзірлеуге қатысуға құқық берілді.
Бұл өзгерістер еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын дер кезінде анықтауға, өндірістік жарақаттанудың алдын алуға және қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне қатысуын арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде еңбек ұжымдарындағы қоғамдық бақылау күшейіп, қызметкерлердің құқықтары мен қауіпсіздігіне берілетін кепілдіктер нығая түседі.
Еңбек адамының өмірі мен денсаулығы – басты құндылық. Сондықтан кәсіподақтардың, жұмыс берушілер мен техникалық инспекторлардың бірлескен жұмысы қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастырудың және еңбек құқықтарын қорғаудың маңызды кепілі болып қала береді.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фото
-