ПЕДАГОГТАР АРАСЫНДАҒЫ АУДАНДЫҚ СПАРТАКИАДА
СҚО-ның Жамбыл ауданында ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Салалық кәсіподақтың Солтүстік Қазақстан облыстық ұйымы Жамбыл аудандық комитетінің ұйымдастыруымен педагог қызметкерлер арасында «Ұстаз–2026» аудандық спартакиадасы өтті.
Спорттық шараның басты мақсаты – білім беру саласы қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ұжымдық бірлікті нығайту, ұстаздардың белсенді демалысын ұйымдастыру және олардың спортқа деген қызығушылығын арттыру.
Спартакиадаға ауданымыздың білім беру ұйымдарының қызметкерлерінен құралған командалар қатысып, спорттың бірнеше түрі бойынша өзара бақ сынасты. Қатысушылар волейбол, үстел теннисі, бес асық, асық ату және дартс бойынша белсенділік танытып, ұйымшылдықтары мен шеберліктерін көрсетті.
Жарыс барысында ұстаздар өздерінің спорттық қабілеттерін көрсетіп қана қоймай, достық қарым-қатынас пен ауызбіршіліктің де үлгісін танытты.
Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, үздік нәтиже көрсеткен командаларға арнайы дипломдар табысталды.
«Ұстаз–2026» спартакиадасы педагогтердің еңбегін құрметтеуге, олардың денсаулығын нығайтуға және спорт арқылы бірлігін арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.
Солтүстік Қазақстан облыстық ұйымының Жамбыл аудандық кәсіподақ комитеті
-
Фото
-